Соңғы он жылда 1,5 млн қазақстандық некесін қиып, жарты миллионы ажырасып кеткен

29.12.2018 00:30

Елімізде ажырасушылар саны жыл сайын артып келеді. Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті ұсынған деректерге сүйенсек, соңғы 10 жылда 1,5 млн қазақстандық некесін қиған. Осы уақыт аралығында олардың жарты миллионнан астамы ажырасып кеткен. Алматыда осы жылы қанша шаңырақ көтерілді? Ажырасу көрсеткіші қандай? Осы сұрақтарға жауап алу үшін біз дәл қазір Алматы қаласы Әділет департаменті бөлімінің басшысы Әлия КАПАЕВАМЕН тікелей байланысқа шықпақпыз.

– Әлия Баярбекқызы, осы жылы Алматыда қанша азамат некесін заңдастырды? Жас жұбайлардың жас ерекшеліктері қандай?

– Қазіргі таңда статистика бойынша Алматы қаласы бойынша 2018 жылы некесін заңды түрде тіркегендер саны 16 800, ал 2017 жылы 17 200 санын құраған. Ал орташа жасына келсек, некеге тұрып жатқан азаматтарымыздың орташа жасы 18 жастан бастап 70, 75 жасқа дейін барады.

– Ажырасу көрсеткіші қандай? Некенің бұзылуына не себеп?

– Ажырасу статистикасы турасында айтсақ, 2018 жылы Алматы қаласы бойынша 7 мың адам некесін бұзған. Ал 2017 жылы 6800 адам некесін бұзған. Соған қарағанда бұл жерде де 4 пайызға статистика бойынша некесін бұзған азаматтардың саны көбейіп тұр. Негізінде, келіп қарағанда айтатын себептері – азаматтардың көбінесе бір-бірімен мінездерінің сәйкес келмеулері. Сондай-ақ, «балалар өскенше бір-бірімізге шыдап келдік, енді бөлек өмір сүрейік деп шештік» деп келіп жатқандар бар.

– Ал биыл Алматыда қанша сәби дүниеге келді? Былтырмен салыстырғанда айырмашылық бар ма?

– Өткен жылғымен салыстырып қарағанда, статистика бойынша туу туралы көрсеткіште сондай қатты айырмашылығы жоқ. 2018 жылы 43400 балаға туу туралы куәліктер рәсімделген. Ал 2017 жылы 43700 балаға туу туралы туу туралы куәліктер рәсімделген. Яғни, туу көрсеткішінің статистикасында  2017 жыл мен 2018 жылдың көп айырмашылығы жоқ.

– Жауабыңызға рахмет!


Перизат Көмекбайқызы, «Алматы» телеарнасы