Алматыдағы Республика сарайы 50 жылдық мерейтойын тойлайды

07.11.2018 18:20

Алматының символына айналған Республика сарайы жақында өзінің мерейтойын тойлайды. Жарты ғасырға жуық тарихы бар нысанға 7 жыл бұрын жаңарту жұмыстары жүргізілген болатын. Кеңестік модернизмнің айқын белгісі болған алып ғимарат республикалық маңызы бар архитектуралық ескерткіш қатарына кірді. Ал биыл жазда Абай алаңы да жөндеуден өтті. Жаңарған алаңның көркін құрғақ фонтандар мен шағын сәулеттік нысандар келтіріп тұр.

Қаланың символына айналған Республика сарайы 70-ші жылдары салынған. Бірнеше сәулетшінің қолынан шыққан нысан КСРО-ның мемлекеттік сыйлығына да ие болды. Ғимарат шатыры қабырғаға емес, 8 темір бағанға бекітілген. Осылайша, ол қалықтап тұрғандай әсер қалдырған. Және бұл жалғыз ерекшелік емес. 

«Ғимараттың бір ерекшелігі, желдету жүйесі Кіші Алматы өзенімен байланысты. Яғни, тау самалы нысанды желдетіп тұратын. Бірақ уақыт өте жүйе ескіргендіктен бұл ғимаратты қайта жөндеу керек болды», – деді Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Алмасхан АХМЕТЖАНОВ. 

40 жылдан соң қала құрылыс кеңесі сарайға ренавация жасауға бекінеді. Заман ағымына сай, ғимарат жаңаша кейіпке ену керек болды. Сахнаның акустикасы іс-шаралар мен съездерді өткізуге ғана арналған. 2010 жылы бұл жұмысқа KAZGOR жобалық академиясы кіріседі. Қала құрылыс кеңесі мен сарайдың жоба авторы Лев Ухоботов назарға ұсынылған нұсқалардың жетіншісіне тоқталыпты. Басты мінде сол уақытта сарайды қазіргі заманға лайықтап, тарихи кейпін сақтап қалу еді дейді сәулетшілер.

«Бұған дейін ірілі-ұсақты жөндеу жұмыстары жүргізілген еді. Өйткені, 40 жыл дегеніміз аз уақыт емес. Шатырдағы алтын түстес нышандарды да ауыстыру керек болды. Ресейлік танымал акустикті шақырып, үлкен залдағы дыбыстың естілуін едәуір жақсарттық», – деді KAZGOR жобалық академиясының бас архитекторы Тоқтар ЕРАЛИЕВ.

Орындықтар үлкейтілді, интерьер мен фойенің келбеті жақсара түсті. Ал биыл Республика сарайының алдындағы Абай алаңы да жаңаша келбетке ие болды.

«Гранитті тақтайшалар орнатып, жаңа шамдар қойып, жаңа субұрқақтар орнаттық. Екі жақтағы бұрынғы фонтандарды қайта жөндеп, мынадай әдемі архитектуралық нысандар қойдық», – деді Алматы қаласы Құрылыс басқармасының бас маманы Олжас ТӘЖІБАЕВ.

Бүгінде Республика сарайы еліміздің архитектуралық ескерткіштері қатарында. Қазір ол «Алматы әуендері» мемлекеттік мекемесінің иелігіне берілген. Алматы нышанына айналған ғимарат 2020 жылы өзінің 50 жылдық мерейтойын тойлайды.

Азамат Әуезхан, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы