Қазақстанда химиялық кастрация психиатриялық мекемелерде жүргізіледі

Қазақстанда химиялық кастрация психиатриялық мекемелерде жүргізіледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биылғы жылдың соңына дейін Қазақстанда педофилия бойынша сотталып, жазасын өтеп шыққан екі азаматқа химиялық кастрация жүргізіледі. Мұндай жаза Түркістан мен Павлодар облысының азаматтарына жасалмақ. Бұл жөнінде еліміздің Жоғарғы соты мәлімдеген болатын. Ал химиялық кастрацияның қалай жүргізілетінін, қай елдердің тәжірибесі негізге алынатынын білу мақсатында Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 сотының судьясы Бағлан ЫДЫРЫСОВТАН сұрап көрмекпіз.

– Бағлан Құттықожаұлы, кастрация жөніндегі заң жобасына жіті тоқталсаңыз? Химиялық кастрацияның қай түрі жүргізіледі?

– Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қылмыстық кодекске медициналық мәжбүрлеу шаралары ретінде химиялық кастрациялау қолданысқа енді. Химиялық кастрациялау дегеніміз – сот үкімінің негізінде сот-психиатриялық сараптамасының қорытындысы бойынша кәмелетке толмаған тұлғалардың жыныстық тиіспеушілігіне қатысты қылмыстарды жасаған, 18 жасқа толған азаматтарға тағайындалады. Химиялық кастрация адамның ағзасына андрогендік препараттарды енгізу арқылы қолданылады. Бас бостандығынан айыру мекемесінде өтеп жатқан тұлғаларға химиялық кастрацияны қылмыстық атқару жүйесінің мекемелері жүзеге асырса, ал өзге жазалар тағайындалған адамдарға Денсаулық сақтау басқармасының психиатриялық-амбулаторлық мекемесі жүзеге асырады.

– Кастрацияны жүргізуде қай елдің тәжірибесі негізге алынып отыр?  

– Химиялық кастрацияны Қазақстан тәжірибесіне енгізу барысында бүкіл әлемдік тәжірибелер зерттеліп, соның негізінде енгізілген болатын. Мысалға айтатын болсақ, АҚШ-та 1960 жылдардан бері қолданысқа енгізілген. Бірақ жаппай қолдану 1980-1990 жылдардан бастап жүзеге асырылады. Ол елде химиялық кастрацияны қолданғаннан кейін бұл кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыстарды жасау, яғни педофилизм дейміз ғой, соның барлығы түбегейлі жойылды деп есептеген. Алайда, АҚШ-тың бір азаматы 7 жасар Меган есімді қызды зорлап, бұл тұжырымдаманы жоққа шығарған. Соған сәйкес айта кететін жағдай, Меган атты қыздың есіміне сәйкес Меган заңы қабылданып, сол заңға сай біраз заңдарға түзетулер енгізілді, яғни сол заң бойынша бостандыққа шыққан педофилдерге браслет кигізіледі. Ол балабақшаларға, мектеп орындарына барған кезде браслет арқылы полицияға хабарлама беріп, полиция бірден балалар шоғырланған жерге келіп, қадағалауға алады. Чехияда егер ерікті түрде хирургиялық кастрацияны таңдаса, онда жаза мерзімі қысқартылып, бостандыққа шығу мүмкіндігі жоғарылайды.

– Мәселен, Оңтүстік Кореяда кастрацияны 15 жылға дейінгі мерзімге жасап қояды екен. Бізде осындай қатаң жазалар қолданылуы мүмкін бе?  

– Оңтүстік Кореяда 15 жылға дейінгі мерзімге жасалады дегенге келсек, Кореяда 5-6 жыл бұрын осы химиялық кастрациялау туралы алғашқы үкім шығарылды. Енді алдағы уақытта оның қаншалықты күші болатынын уақыт көрсетеді. Ал біздің Қазақстан Республикасында педафилдерге қатысты жаза қатаң. Мысалға айтатын болсақ, жасөспірімдерге, яғни 14 жасқа толмаған балаларға зорлау қылмысын және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық сипаттағы қылмыстарды жасаған тұлғаларға 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

– Жауабыңызға рахмет!


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров