Ұялы телефон нөмірін жыл соңына дейін тіркеп үлгермегендер байланыссыз қалады

29.10.2018 21:08

Жыл соңына дейін ел тұрғындары қалта телефонын тіркеп үлгермеуі мүмкін. Демек, бұл кейбір азаматтар ұялы байланыссыз қалады деген сөз. Қазақстандағы ұялы байланыс операторының өкілі осылай деп отыр. Естеріңізде болса, әрбір қалта телефоны бар азамат оның IMEI-коды мен жеке сәйкестендіру нөмірін тіркеуі міндетті болған еді.  

Қазір ұялы телефонды тіркеу үшін белгілі байланыс операторы бірнеше жолды ұсынады. Ол – қысқаша нөмірге арнайы СМС жіберу, сайт арқылы тіркелу немесе жергілікті өкілдіктерге немесе «Қазпошта» қызметіне жүгіну. Ел азаматтарына бұл іс-әрекеттен ерте бастан өткен жөн. Өйткені «Байланыс туралы заңда» бір құрылғыны рәсімдеу төрт сағатқа дейін созылады делінген.

Он миллион қолданушысы бар ұялы байланыс өкілі шыр-пыр. Бірінші қаңтарда миллиондаған қалта гаджеті қоңырау жасау мен қабылдаудан қалса, компания шығынға батады дейді. Сондықтан кейбір байланысты түзушілер тіркелу рәсімін жеңілдетуге кіріскен. Бірақ мамандар желтоқсанның аяғына дейін тұрғындардың толықтай тіркеліп үлгермейтінен сескенеді.

«Келесі жылға дейін барлық қолданушыларымыз тіркелуден өтіп үлгермейді деген қорқынышымыз бар. Өйткені, көбісі жолын білмейді, үлгеремін деп, соңына дейін созатындар көп. Осының бәрі Жаңа жыл алдында тіркеу жүргізу орындарында адам санының көбейіп, соңы келеңсіз жайттарға соқтыруы әбден мүмкін», – деді ұялы байланыс операторының өкілі Алексей БЕНДЗЬ.

Телефон пернетақтасымен жасалатын рәсім айғай-шуға ұласпауы үшін оператор «Қазпошта» қызметіне жүгінген. Әрбір пошта тасушы тіркелуге ниеттілерге өз көмегін ұсынады. Хат жеткізушілер азаматтың жеке сәйкестендіру санынан артық ештеңені талап етпейді. Әр үйден бір адамға болса да, жүгінеді дейді олар.  

«Біз жол-жөнекей хат алғандардан телефондарын тіркеу керек екендігін анықтаймыз. Керек десе, 15-20 минутта арнайы сандарды теру арқылы рәсімнен өткіземіз. Көбіне бұл көмекке зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар жүгінеді. Оларға кезекте тұру түгілі, барудың өзі бір қиямет», – деді «Қазпошта» АҚ пошташысы Қымбат СЕИТОВА.

Ал Ішкі істер министрлігі жыл соңы жақындағанда қазақстандықтарға ескерту жасады. Кімде-кім қалған екі айда өздігінен абоненттік құрылғысын тіркемесе, Жаңа жылда ұялы байланыссыз қалады деген ешқандай қорқыту емес дейді.  

«Тіркелмеген абоненттерге байланыс қызметі көрсетілмейді. Осыған байланысты құралдарын жылдың аяғына дейін өткізу керек. Ұялы байланыс бөлімдерінде қарбалас тудырмау үшін ертерек тіркелу туралы кеңес береміз. Бұл бірінші кезекте азаматтардың мүддесін қорғауға арналған шара. Егер байланыс телефоны ұрланған жағдайда, оны операторлар бұғаттай алады. Ол үшін IMEI-код базада болуы тиіс», – деді ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас САДУБАЕВ.

Ал заңгер Дос Ильяшевтің «код арқылы қолды болған телефон мезетте табылады» дегенге күмәні бар. Өзі жақында ғана телефонын жоғалтып, екі ай дегенде полицейлер көмегімен әрең тапқан. Өз орнында құқығын білмейтін өзге жан болса, қымбат құралды қайтару екіталай дейді.

«Құқық қорғаушыларға сенсек, өткен жылы 16 мың телефон ұрланған. Қазақстанда 22 миллоннан артық байланыс құралы бар. Бұл 0,07 пайыздан кем көрсеткіш. Демек, елдегі телефондар мықты бақылауда болады деген дұрыс емес. Егер де қылмыспен күрескіміз келсе, телефон иелерін тіркеп, өшіру міндетті емес деп санаймын», – деді заңгер Дос ИЛЬЯШЕВ.

Заңгер IMEI-кодты айту қауіпсіз болғанымен, әрбір азаматтың куәлігіндегі жеке сәйкестендіру нөмірін операторлардың білуі, жеке өмірге бас суғымен пара-пар деген пікірде. Оның үстіне, түрлі пиғылды компьютер тілін түсінетін қылмыскерлер техника ақау бергенде арам ойларын емін-еркін жасауы мүмкін дегенді алға тартады. Естеріңізге салсақ, еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жыл аяғына дейін барлық азаматтарға ұялы телефондарының имей-коды мен жеке сәйкестендіру нөмірін тіркеуді міндеттеген болатын.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана