Алматыда ұлттық салт-дәстүрді үйрететін орталыққа келушілер қарасы көп

10.12.2018 22:12

Алматыдағы үлкендерге арналған ұлттық салт-дәстүрді үйрету курсына келушілер көп. Бастамашылардың сөзінше, танымдық дәрістер қазақы жөн-жоралғыны ғана үйретіп қоймай, ана тілінде еркін сөйлеуге мүмкіндік береді. Сабаққа жазылғандардың дені той-томалақ, құдалыққа дайындалып жүрген қала қазақтары.

Бүгінгі сабақтың тақырыбы – Сырға салу. Үй иесі келген меймандарды қарсы алып, төрге шығарып жатыр. Құдалар бір-бірімен танысып болған соң, ұл жақ келген себептерін түсіндіреді.

Осы салтты ойнату барысында жиналғандар дәстүрді толық меңгереді. Жөн-жоралғылардың барлығын үйренеді. Егер түсінбеген жерлері болса, ортадағы жүргізуші көмектесіп, жөн сілтейді. Сырға салу кезінде екі жағында екі жеңгесі тұру сынды қарапайым қағидалар да көрсетіледі.

Салт-дәстүрді үйреніп, қазақ тілін меңгеруге келетіндердің дені – кезінде түрлі себептермен ана тілін меңгере алмай қалғандар немесе орыстілді отбасында өскендер. Жиналғандардың арасында зейнеткерлер де, орда бұзар жастағы азаматтар да бар. Келушілер алғашында қазақ тілін мүлдем білмегенін, кейіннен өз ана тілінде ойын жеткізе алатын дәрежеге жеткендерін айтады.

«Бұрын менің қазақша сөйлейтінім, түсінетінім 30 пайыз ғана болған. Қазір 70 пайыз түсініп қалдым, сөйлей де алатын болдым. Әрине, жақсы нәтиже бар», – дейді алматылық тұрғын Шолпан АЛТАЙБАЕВА.

«Мен 30 жыл бойы Ресейдің Мәскеу қаласында тұрып келдім. 1 жыл бұрын ата-анамызбен Алматыға көшіп келдік. Енді міне, осында қазақ тілі мен салт-дәстүрді үйреніп жатырмыз. Негізі, университет қабырғасында жүрген кезімде қазақ тілін үйренгім келетін. Алайда, ол жақта мұндай курстар жоқ болды. Осы жерге келіп жаңа достар тапқаныма қуаныштымын», – дейді Майя МАҒЖАН.

Бүгінгі сабақтың тақырыбы «Сырға салу» рәсімі болды. Яғни, жиналғандар екі топқа бөлініп, бірі қыз беріп, келесі жақ құда түсіп келген болып ойнайды. Ортадағы жүргізуші аталған салтта қандай сөздер айтылып, нендей рәсімдер жасалатынын айтып отырады. Мұндай шешім қазақ тілін тез үйренуге әрі дәстүрді де дәріптеуге септігін тигізеді дейді ұйымдастырушылар.

«Бүгінгі күнде өтіп жүрген салт-дәстүрлер осылай ойнап жүріп, керегінше оңай үйренуге тырысамыз. Той-томалақта сөйлеуді, тұсау кесу, сүндет той, Наурыз тойы сияқты түрлі мерекелік жиындардың өз ереже-қағидаларын үйреніп, өзгелерге үлгі болсақ, үлкен нәтижеге жеткеніміз», – дейді жазушы Қанат ТАСЫБЕКОВ.

Бастамашылардың сөзінше, мұндай әдіспен екі жылдың ішінде қазақ тілін 100 пайыз меңгеріп алуға болады. Екі жылдың ішінде 1 мыңға жуық алматылық қазақтың салтын үйренген екен. Басқосудың аяғын жиналғандар дәстүр бойынша әнмен аяқтады.


Өмір Әнуарбек, «Алматы» телеарнасы