Жігіттерді жеңіп жүрген Жібек халықаралық жекпе-жектен жүлделі оралды

05.10.2018 21:13

Жігіттердің жауырынын жер иіскетіп жүрген нәзік жанды Жібектің барлық жекпе-жегі нәтижелі аяқталып келеді. Абу-Дабиде өткен әлем чемпионатында топ жарып, чемпион атанса, жақында ғана көршілес Қырғызстанда өткен турнирде қырғыз баласын сан соқтырғаны тағы бар.

Жібек Құлымбетованың джи-джитсу спортымен айналысқанына 2 жыл уақыт болған. Аз ғана уақыттың ішінде ерлер арасында күш сынасып, байрақты бәсекелерде қарсыластарынан басым түсіп жүр. Елімізге тек жеңіспен оралатын аруымыз Қырғызстанда өткен Alay оpen турнирінде 2 қырғыз баласын жеңіп, алтын медальді иеленген.

«Жібек Құлымбетова бізге жаттығуға 9 жасынан бастап келген болатын. Осы шамамен екі жылдың ішінде біраз жетістікке жетті.  Kazakhstan National Pro халықаралық турнирінде және Қырғызстанда өткен Alay оpen турнирінде, Алматыдағы Arlan Grip Selection халықаралық турнирінде грэпплинг және джи-джитсу спортынан ұлдар арасында бірнеше рет чемпион атанды», – деді Жібектің жаттықтырушысы Нұрсұлтан ОРЫНБАСАРОВ.

Жібек шаршы алаңда ер балалармен күш сынасады. Оның ерекшелігі де осында. Бапкерінің айтуынша, Жібектің салмағында джи-джитсу спортымен айналысатын қыздар жоқтың қасы екен. Бұл жағдайға чемпион қыздың ата-анасы да оң қабақ танытқан.

«Әкесі де, мен де қарсы болған жоқпыз. Өйткені, жарысқа барғанда қыз бала аз болғандықтан медальды әншейін бере салмақ болыпты. Бірақ қарсылас жоқ екен деп бере салған жеңістен гөрі, күресіп алған жеңісі қымбат емес пе. Оның үстіне, тәжірибе де жинап қалады. Сонша алыстан барғанда жеңіп қайтуына бір себеп болсын деп, ұлдармен күресуіне рұқсат бердік», – деді Жібектің анасы Құлпынай ҚҰЛЫМБЕТОВА.

Әнұранымызды әлемге тыңдатып жүрген қаршадай қыздың салмағы 30 келі.  Десек те, Жібек 32 келі салмақтағы қарсыласпен де бақ сынасып көруге сақадай сай дайын екен.

«Маған қыздарға қарағанда, ұлдармен күш сынасқан ұнайды. Өйткені ұлдармен күш сынасқан қызығырақ. Жарыстарда көбінесе ұлдармен шығамын. Оларды мен жеңіп кетемін», – дейді джи-джитсудан әлем чемпионы Жібек ҚҰЛЫМБЕТОВА.

Айта кетейік, Жібек Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған Astana Cup турнирінде күш сынаспақ. Қарсыластары Бразилия, Қырғызстан, Өзбекстан сынды шет мемлекеттердің спортшылары болмақ.


Назерке Еркебай, Рашиддин Шукуралиев, «Алматы» телеарнасы