|
07.12.2018 | 17:13
6716

Алматыда сал ауруына шалдыққан бүлдіршін өздігінен жүріп кетті

Алматыда сал ауруына шалдыққан бүлдіршін өздігінен жүріп кетті

Алматыдағы Балаларды оңалту орталығы дәрігерлерінің арқасында тағы бір бүлдіршін церебралды сал ауруынан айықты. Осыдан жарты жыл бұрын Амира есімді 4 жасар қыздың өз бетімен жүріп кетуі екіталай еді. Алайда, кешенді оңалту шараларының арқасында, балақай екі аптаның ішінде аяқтан тұрып кеткен. Бүгін орталықта Амираның тұсауы кесілді.

Балаларды оңалту орталығында бүгін үлкен қуаныш. 4 жасар Амира өз бетімен жүре бастады. Оның тұсауын кесуді ата-анасы дәрігерлерге тапсырыпты. Себебі, дәл осы ақ халаттылардың арқасында «балалардың церебралды сал ауруы» диагнозы қойылған қыз сауықты деуге болады дейді ата-анасы. Қанша жыл бойы үмітін үзбеген анасы Бахытгүл Еділованың бүгінгі қуанышында шек жоқ.

«Қызымның жүргеніне қатты қуаныштымын. Екі аптадай массаждарын алдық. Содан қызым жүріп кетті. Орталыққа рахметімді айтамын», – деді Амираның анасы Бақытгүл ЕДІЛОВА.

Жыл сайын орталықта 800-ге жуық бала кешенді оңалту курстарынан өтеді. Невролог, физиотерапевт және нұсқаушылар мен психотерапевтер – бүлдіршіндердің аяқтан тұрып, ауруынан айығып кетуі үшін барын салып жатыр. Орталық құрылған 7 жылдың ішінде 30-дан астам бала өз еркімен қозғалып, сөйлей бастаған. Тіпті, арасында мектеп табалдырығын аттағандары да бар.

«Бұл жерде балалар церебралды сал ауруынан, аутизм, даун синдромы және өзге де аурулардан емделеді. Бүлдіршіндер кешенді оңалту шараларын қабылдайды», – деді Алматы қаласы Балаларды оңалту орталығының директоры Эльвира РООТ.

Балалар үшін тек медициналық көмек қана емес, психологиялық-педагогикалық оңалту да аса маңызды. Бұл дегеніміз, еңбек терапиясы, музыка, арт-терапия, логопед және дефектологтармен жұмыс. Қазіргі таңда орталықта 64 бала ем алып жатыр. Сондай-ақ, бүлдіршіндер Тәуелсіздік күні қарсаңында сурет салудан өтетін байқауға дайындық үстінде. Шығармашылық балалардың уақытша болса да ауруларын ұмытып, армандауларына көмектеседі дейді дәрігерлер.


Тоғжан Жалғасбекқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир