Алматыда қырғыз депутаты құрған қылмыстық топқа қатысты сот басталды

02.11.2018 21:15

Алматыда атышулы қырғыз депутаты Дамирбек Асылбекұлы құрған қылмыстық топқа қатысты сот басталды. Ол сыбайластарымен бірге жалған құжат жасап, шекарадан контрабандалық тауарларды өткізді деп күдікке ілініп отыр. Сондай-ақ, «трансұлттық ұйымдасқан топқа қатысты бар» деп айыпталуда. Бұрынғы халық қалаулысымен бірге қанша адам сотталуда? Олардың тағы қандай былықтары әшкере етілді?  

Жыл басында елімізде өткен арнайы операция кезінде қолға түскен Қырғыз депутатынының соты осындай шумен басталды. Қылмыстық топ құрамының көптігі сонша, сотталушыларға демеу көрсетуге келген туыстарында есеп жоқ. Қатарында тіпті, Қырғыз Жоғарғы кеңесінің депутаттары да бар. Қолдарына кісен салынып, ақпан айынан бері қамауда отырғандарды бір көруге зар болғандар есік алдында кептеліс жасап, шу шығарды. Соған қарамастан тыңдалымға күдікке ілінгендердің тек ең жақындары мен қорғаушылары ғана кіре алды. Кезінде халық қалаулысы болған Дамирбек Асылбекұлының өзі сотқа шырттай киініп, көтеріңкі көңіл күйде келді. Онымен бірге айыпталушы орындығында тағы 11 адам отыр. Қатарында Қордайдың қалталы кәсіпкері Есбол Жапбасов та бар.

« – Бұрын сотталғансыз ба? – Жоқ! – Үйленгенсіз бе? – Үйленгенмін, үш балам бар...»

Тергеу материалдары бойынша сотталушылар ұзақ жылдан бері қазақ-қырғыз шекарасын май шелпекке айналдырған. Олар жалған құжат жасап, бекеттен халық тұтынатын тонналаған тауарларды контрабандалық жолмен өткізді деп күдікке ілініп отыр. Ал «Қарасу» және «Қордай» бақылау пунктеріндегі әрбір кіріп-шыққан жүк көлігінен қомақты қаржы алып отырған көрінеді. Кеден бекетінде білгенін істегендер сондай-ақ, «трансұлттық ұйымдасқан топқа қатысты бар» деп айыпталуда. Жалпы, атышулы іске қатысты тергеу 126 томға арқау болған. Сотталушылардың бар былығы жазылған айыптау актісін кезекпен оқыған қос прокурордың да жақтары әбден талды.

«2017 жылдың қараша айында Қырғыз Жоғарғы кеңесінің депутаты Дамирбек Асылбекұлы өзінің лауазымын және жоғары қызметтегі тұлғалармен таныстығын пайдаланып, трансұлттық ұйымдасқан топ құруды көздейді. Ол Қытайдан келетін аса ірі көлемдегі тауарларды жалған құжат жасап, контрабандалық жолмен Қазақстан мен Ресейге жөнелтіп отырған. Жоспарын жүзеге асыру үшін өзі қылмыстық топқа жетекшілік етіп, сыбайластар тарта бастайды. Топ құрамында әрқайсының өз рөлін бөліп берген», – деді мемлекеттік айыптаушы Жанэль БУЛАТОВ.

Осылайша, қырғыз депутаты жетекшілік еткен қылмыстық топ мүшелері өткен жылдың желтоқсан айынын бастап, биылғы ақпан айына дейін құны 407 млн теңгені құрайтын тауарды шекарадан заңсыз өткізіп үлгеріпті. Соның кесірінен Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдердің бюджетіне 100 млн теңгеге жуық салық түспей қалған екен. Дегенмен, айыптау актісін мұқият тыңдаған Дамирбек Асылбекұлының бұрынғы әріптестері «халық қалаулысының мұндай былыққа қатысы бар» дегенге сенгісі жоқ.

«Сот дәлелдесін, біз ештеме дей алмаймыз. Депутат кезінде көп мәселелелерді шешті. Оның өзі спорт жағынан өте мықты шебер, белсенді адам болды. Күрес бойынша Азияның вице-президенті, Жоғарғы кеңестің депутаты, конституциялық заңдар жаңа мемлекеттік түзіліс, сот-құқықтары комитетінің төраға орынбасары болған», – деді Қырғыз Республикасы Жогорку кенеш депутаты Руслан ЧОЙБЕКОВ.

Жүзден астам томға арқау болған сот процесінің ұзаққа созылатын түрі бар. Соған қарамастан Қырғыз Жоғарғы кеңесінің депутаттары Дамирбек Асылбекұлын қолдау үшін әр тыңдалымға кезекпен келетіндерін жеткізді. Сотталушыларға әртүрлі айып тағылған. Қылмыстық топтың басшылығындағы қырғыз депутаты «трансұлттық ұйымдасқан топ құрғаны» және экономикалық контрабандамен айналысқаны үшін айыпталуда. Ал қордайлық кәсіпкер Есбол Жапбасов заңсыз қару ұстағаны әрі оны тасымалдағаны үшін жаза арқалауы мүмкін.

Айта кетсек, 37 жастағы қырғыз депутаты сыбайластырымен бірге ақпан айында елімізде жүргізілген арнайы операция кезінде қолға түкен. Арнайы шарада контрабандамен айналысқан 8 қылмыстық топ анықталып, 35 күдікті ұсталған еді.


Айдана Мейрамбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы