Есірткі тәрізді препараттарды еркін сататын дәріханаларды тексеру керек – Дариға Назарбаева

08.11.2018 21:16

Отандық дәріханаларда есірткі тектес дәрілер еркін сатылып жатыр. Сенат депутаты Дариға Назарбаева Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа осындай сауал жолдады. Жоғарғы палата депутаты морфинге ұқсас трамадол атты препаратқа жасөспірімдер әуес бола бастағанын айтып, алаңдаушылық білдірді.

Психотроптық дәрілердің фармацевтикалық тауарларды сататын орындарда еркін қолға берілуін сенатор Дариға Назарбаева қозғады. Ақыл-естен айыратын, морфинге ұқсас дәріні жастар сатып алуға әуестенген. Адам бойын билеп алатын препарат бауыр жұмысын істен шығарады деді депутат. Ол Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың осыдан бір ай бұрын: «Елдегі дәріханалардың 40 пайызы рецептсіз сауда жүргізеді» дегенін еске алып, аталмыш шағын және орта бизнес көздеріне енгізілген дәріханаларды тексеру қажеттігін қайтаруды сұрады.

«Сондай препараттардың бірі – трамадол. Әдетте, бұл дәріні 14-18 жастағы жастар сатып алады. Нарколог-дәрігерлердің пікірінше, трамодол морфин деген есірткіге ұқсас. Бұл препаратты үлкен көлемде қабылдау адамды масайтады. Кейіннен «Трамадол» тәуелділікке әкеліп, ағзаны қинап, мидағы өзгерістерге әкеледі, бауырды бұзады. Бұл дәрілік зат рецепт бойынша сатылатындар қатарына қосылғанымен, тәжірибе жүзінде дәріханалар оларды еркін сата береді», – деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Дариға НАЗАРБАЕВА.

Ал сенат депутаты Бірғаным Әйтімова педагогтар мен ақ халаттыларды тұрғын үймен қамтуды ұсынды. Қоғамда орны зор мамандарды баспаналы ету үшін арнайы заң жобасын жасау керек деді. Әйтімова елімізде халықтың жалпы санының үш пайызын құрайтын мұғалім мен медицина қызметкерлеріне жеке шаршы метр беру туралы Үкімет басшысына сауал жолдады.  

«Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін Сізден мұғалімдер мен дәрігерлердің тұрғын үй мәселелерін шешу бойынша жаңа алгоритмді қарастыратын Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеу жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма беруіңізді сұраймыз», – деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Бірғаным ӘЙТІМОВА.

Ал депутат Ерболат Мұқаев Батыс Қазақстан облысындағы Жалпақтал су қоймасының салынуына қаржы сұрады. Аймақта Киров-Шежін арнасын жөндеу жөнінде мәселе көтеріліп, жеті жылда арнаның 180 шақырымы ғана аяқталған. Енді жергілікті халық дәл осы арнаға келетін судан 30 миллион текше метр су сақтайтын қойма салып беруді сұрауда. Халық қалаулысы Бақытжан Сағынтаевқа су қоймасының жобалық-сметалық құжаты бітпей отырғанын алға тартып, оның аяқталуын бақылауына алуды сұрады.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана