Астанадағы аяз: 7 адамды үсік шалды

25.12.2018 21:16

Астанада 7 адамды үсік шалды. Олардың екеуі – жасөспірім.

Абырой болғанда, саршұнақ аяздан зардап шеккендердің барлығы дін аман. Бұл ақ желеңділердің шұғыл әрі толық көлемде көрсеткен медициналық көмегінің арқасы дейді Денсаулық сақтау басқармасының мамандары.

«25 желтоқсан күні үсік шалу салдарынан 7 адам медициналық көмекке жүгінді. Оның екеуі колледж студенттері. Олар №2 қалалық балалар ауруханасына түсті екінші және үшінші дәрежелі үсік шалу деген диагнозбен. Қалғандары барлығы тексеріліп, амбулаторлық емдеуге жіберілді», – деді Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз-хатшысы Әйгерім АРДАҚ.

«Қазгидромент» мамандары бүгін Астанада ауа температурасы –38 градусқа жететінін мәлімдеп отыр. Синоптиктер алдағы екі күнде де сынап бағанасы төмен болады деп болжайды. Ал қалалық Төтенше жағдайлар департаменті жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатында мемлекеттік органдарға, білім беру мекемелеріне, кәсіпорындар мен құрылыс объектілеріне жұмыс күнін қысқартуды ұсынды.