Биыл браконьерлер табиғатқа 80 миллион теңгенің шығынын келтірген. Қамыс арасында қару асынған браконьерлер азаймай тұр. Көл жағасындағы жал-жал қамысқа жасырынған жабайы аңшыларды әуеден бақыламаса, жерде жүріп табу қияметтің қайымы. Әсіресе, балықты аумен аулайтын браконьерлер табиғат байлығын тегін теңге табу көзі деп көреді. Соңғы тоғыз айдың көрсеткішін көлденең тартқан инспекторлар заңбұзушылықтың азаймай тұрған себебін күреске қарсы шығатын адам күшінің аз әрі техниканың ескіргенінен көреді.
Көкке көтерілген тікұшақтың бүгінгі бағыты – жері байтақ, байлығы көп Бақанас арқылы Балқашқа дейінгі аралықты байқастап, браконьерлердің бетін қайтару. Іле өзенін бойлай ұшқан инспекторларды көрген әккі балықшылар бірден құтылуға тырысты. Тікұшақ қонғанша қаруын қамысқа жасырып, заңсыз аулаған балықтарын суға лақтыру бұрыннан келе жатқан белгілі әдістердің бірі.
«Ұзынағаш станциясынан» кеше келдік. Ертеңгісін үстел жайып отырғанбыз. Жергілікті балықшы жігіттер көп жүреді екен. Солар келді. Біз атқан жоқпыз. Қараңдар. Бәрін қараңыздар мылтық таба алсаңыздар», – деді браконьер Тимур СЫЛҚЫБАЕВ.
Бірден қыдырып жүрген жанның кейіпіне кіре қалған мына әккі аңшылар үш жүз шақырым жүріп жеткен жерімізге демалу үшін келдік дейді. Айналасын ластап қана қоймай, қырғауылды қырып, балықты қуырып жатса да заңсыз әрекеттерін мойындағысы жоқ. Өтірікті арланбай айтқан табиғат қаскөйлері келтірген залалдары үшін ақыры 70 мың теңгенің айыппұлын алды.
«Әкімшілік кодекстің 383-бабының 1-тармағымен жауапқа тартамыз. Табиғатқа келтірген залалы үшін Әкімшілік кодекстің 389-бабының 1-тармағымен сотқа жібереміз», – деді Төменгі Іле инспекциясының аға маманы Әлімжан МҰСАЕВ.
Өздері өскен өлкенің аңын өлтіруге бейім келетін жергілікті тұрғындар сырттан келуші адамдарға ақша табу үшін жол көрсетеді. Калибрін қамысқа жасырып, қалтасынан оқ шықса да мына екі азамат ақыл айтып, инспекторларды қорқытуға көшті. Браконьерлердің қаруы тәркіленіп, айыппұл алғанын білгенде алыстан арнайы келген «қонақ» жанын қоярға жер таппады.
«Делика» көлігінен 5 метр жердегі қамыс ішінен 12 калибрлі қару табылды. Суда жаңадан атып өлтірген қырғауыл жатыр. Жергілікті тұрғынның қалтасынан оқ табылды. Енді полиция арқылы іс сотқа кетеді», – деді Алматы облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының инспекторы Леонид СИДОРЕНКО.
Іле өзенінің Балқаш көліне құяр сағасы сан салалы. Көлшіктер де көп. Балыққұмар броконьерлер қалың қамыстың арасына ау құрып, барынша бизнес жасап қалуға тырысады. Тікұшақпен браконьерлерді табу оңай болғанмен, көлік батпақты, сазды жерге қонай алмайды әрі қайықпен қашқан кәсіби қаскөйлер судан шықпай қоятындықтан, құрықтан құтылып кетеді.
Табиғат байлығын талқандаушыларды тоқтатуға биыл ел көлемінде 7,5 мың рет рейд жасалыпты. Аң атудың 600-дей оқиғасы, балықты баудай түсірген 5 мыңнан астам адам анықталған. Қалғаны сексеуіл сынды орман отағандардың еншісінде. Келтірген залалдың көлеміне орай, 80 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.
«Заңсыз ату бойынша қылмыстық фактілер өте көп. Балық, қарақұйрық, сонымен қатар, сирек кездесетін жануарларды заңсыз аулау бойынша факторлар өте көп. Былтырдың өзінде заңсыз аңшылық жасаған ұлттық парктердің инспекторлары ұсталды, биылдың өзінде де сондай жайттар кездесіп жатыр. Сондықтан комитет ішкі бақылауды күшейтіп, тазалау жұмыстарын жүргізуде. Инспекторлардың өздері де қателікке бой алдырып жатқан факторлар бар», – деді ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен ДІЛДАХМЕТ.
Ал аумақтық инспекторлар қаскөйлердің қайығы жаңа болғандықтан әрі жылдам жүзетіндіктен, тозығы жеткен техникамызбен оларды үнемі тоқтата алмаймыз дейді. Немесе джиппен жүргендер ескі «УАЗикттегі» инспекторларды шаң қаптырып кетеді екен. Жалпы, ел көлемінде орман, аң-құс пен судағы байлықтың бүтіндігін сақтауға жұмылдырылған мыңнан астам маман аздық етіп келеді.
Әмірболат Құсайынұлы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы