Алматыда балаларға арналған заманауи футбол орталығы ашылды

22.10.2018 22:21

Алматы – бұқаралық спорты дамыған қала. Бір ғана мысал, еуропалық стандарт бойынша салынған Балалар футбол орталығы. Мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында қайта жарақталған нысанға 600 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалыпты.

Аталмыш орталықтың ашылу салтанатына Алматы әкімі Бауыржан Байбек, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков, премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев пен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты. Қала басшысы орталықтың тәрбиеленушілерін құттықтап, Алматы велотрегін реконструкциялаудың аяқталып қалғанын және келер жылдан бастап 5 мың орынды жеңіл атлетика стадионының құрылысы басталатынын жеткізді.

«Өздеріңіз білетіндей, осы алаң талай футбол жұлдыздарын шығарған. Енді бүгін «жас қырандықтар» осы жерде керемет спорт – футболмен айналысады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, шын мәнінде, мемлекеттік жекеменшік әріптестіктің арқасында бүгінде спортшыларымыз үшін талай керемет стадиондар есігін ашып отыр. Сондықтан сіздерді осы бір тамаша спорт мерекесімен құттықтаймын!», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Жаңарған стадионда 800 көрерменге шақталған жабық трибуна бар. Сонымен қатар, онда ФИФА сертификациялаған жасанды италиялық көгал қойылған. Орталықта 500-ден астам жас футболшы жаттыға алады. Ал оларға 50 жаттықтырушы дәріс береді. Айта кетейік, жыл басынан бері қалалық «Менің ауламдағы спорт» жобасы шеңберінде 18 мыңнан астам бала спортпен айналысуда. Жеке ұйымдар қолға алған «Батыл бол» жобасы тұрмысы төмен отбасылардың балаларын салауатты өмір салтын ұстануға шақырып жатыр.  

«Мен сендерді бүгінгі қуанышты мерекелеріңмен құттықтаймын! Осындай бастамаларға алғыс айтамын және қолдау білдіремін. Мұндай оң шаралардың барлығы Мемлекет басшысының спорты дамыту жөніндегі саясатының арқасында жүзеге асуда», – деді Қазақстан футбол федерациясының басшысы Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВ.

«Басты мақсат – балаларды спортқа кеңінен тарту, оларды өз елінің патриоты етіп тәрбиелеу, ал футбол біздің ата-аналарымызға қуаныш әкелетін, әр ойналған матч оң эмоция беретін болсын!», – деді Балалар мен жасөспірімдердің «Жас қыран» қазақстандық лигасының президенті Берік ҚАНИЕВ.

«Біз мұнда 100 пайызға ойнаймыз. Барлық ойындарда Роналду, Месси сияқты ойнауға тырысамыз», – дейді қуаныштан бал-бұл жанған балақайлар.