|
18.09.2018 | 18:23
2784

Биыл елімізде көмір тапшылығы болмайды – министр

Биыл елімізде көмір тапшылығы болмайды – министр

Қазақстанда биыл көмір тапшылығы болмайды. Бұл туралы еліміздің Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Сондай-ақ, ол қара отынның құны да министрліктің бақылауында екенін жеткізді. Алматыда көмірдің бағасы қанша болып тұр? Өндірілген көмірдің көлемі қанша?

«Қыстың қамын жазда ойла». Инвестициялар және даму министрлігі биыл көмір мәселесін ерте күзден қолға алған. Жауаптылар қара отын тапшылығы болмайды деп сендірді. Көмірдің қоры да былтырғыға қарағанда көп дейді Жеңіс Қасымбек. Сонымен қатар, министр қажет болған жағдайда, күнделікті көмірдің дұрыс тасымалданып жатқаны жайлы, бағаның тұрақтылығы туралы ақпарат беріп отыруға дайын екенін мәлімдеді. Ол қара отынның бір тоннасы 14-18 мың теңге шамасында болады деді.  

«Кеше ғана Үкіметте көмір бойынша селектор отырысын өткіздік. Қазіргі күні көмір жеткілікті. Сапасы да жақсы. Биыл былтырға қарағанда, көмір көлемі де көп. Теміржолда қажетті вагондар да бар. Сондықтан бүгінгі күні көмірге қатысты туындаған ешқандай қиындықты көріп отырған жоқпыз. Кеше ғана әкімшіліктердің барлығы баяндама жасап, еш қиындық жоқ екенін растады», – деді ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК.

Алматыдағы мына көмір қоймасында қазір Қарағандыдан келген 5 вагон көмір түсіріліп жатыр. Мұнда шамамен, 400 тонна қара отын бар. Осындағы қызметкерлердің сөзінше, бұл көмір шамамен, 2-3 күнде сатылып кетеді.

Алматыда көмір бағасы 15 мың теңгеден саудалануда, қор да жеткілікті дейді қойма басшылығы. Ангарская көшесіндегі бұл орында қазір адам аз болғанымен, қазан айының басында халық көбейеді. Сондықтан қара отынды қазірден бастап сатып алған абзал дейді қойма қызметкерлері.        

«Осы күні көмір қоймасында шамамен, 2 мың тонна қара отын бар. Аптасына 3 рет вагондармен келетіні тағы бар. Сондықтан көмірді қазір алып қойған дұрыс. Өйткені, жаңбыр немесе алғашқы қар жауғанда қоймада ұзын-сонар кезек болады», – дейді Алматыдағы көмір қоймасының директоры Константин ЛИ.      

Энергетика министрлігі еліміздегі көмір саудалайтын орындарда қолдан қымбатшылық жасамау үшін табиғи монополия мамандарымен бірге бақылауға алмақ. Сондай-ақ, отынның сапасы да назардан тыс қалмайды.  


Өмір Әнуарбек, Валерий Таубалдиев, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир