Алматы облысында мектеп оқушылары дәретханаға бара алмай отыр

Алматы облысында мектеп оқушылары дәретханаға бара алмай отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елбасы өзінің кезекті Жолдауында үш ауысыммен оқитын мектептердің мәселесін шешуді тапсырды. Президент оқушылардың қараңғы түсе, кешкі сағат 7-8 шамасында үйге қайтуын ұятты жағдай деп бағалады. Мемлекет басшысының бұл сөзі Алматы облысының Гүлдала ауылындағы орта мектеп ұжымын бір серпілтіп тастады. Өйткені, бұл үш ауысымдық сабақ режимінде жылдар бойына жұмыс істеп келе жатқан мектептердің бірі.

Сыныптар жетіспегендіктен, мұғалімдер дәлізді дәрісханаға айналдырып отыр. Оқушылар сыймағандықтан, ұстаздар өз беттерінше 18 кабинет жасақтапты. Ал парта орнына... шкафтардың үстіне тақтай жайып қойған. Ал ата-аналар лас дәретханадан эпидемия тарай ма деп алаңдаулы...      

Бұл – жарты ғасыр бұрын салынған ескі мектептегі 2100 оқушы мен 180 мұғалім баратын әжетхана.  Оның өзін мектеп басшылығы демеуші тауып, өздері салдыртқан. Адам жуымас дәретхана айналасы қыс түссе нәжіске толып, балалар тайып та жығылып жатады дейді шыдамы таусылған ата-аналар.

«Қыста қатқан нәжіске тайып жығылып, миы шайқалған баланы өз көзіммен көрдім. Сасық, лас дәретханадан ауру тарауы да мүмкін. Мен баламның таза жерге барғанын қалаймын. Кейбір балалар бұл жер лас болғандықтан, қысылса да сабақтан қайтқанша шыдауға тырысады», – дейді Алла ШУМСКИХ.

«Тек қана нашар емес, өте қорқынышты жағдайда. Білесіз бе, біз қаладан небәрі, 15 минуттық жерде тұрамыз. Ауылымыздың осындай жағдайға жеткені ұят-ақ. Қаржының бөлінбей жатқанына ренжиміз», – деді Айшабибі ТАХТИЕВА.

Ал мына жер оқушылардың баскетбол, волейбол ойнайтын жері. Доп қуған бала бір қадам артық аттаса қоқыс алаңынан, абайламай бес метр артық жүгіріп кетсе қорқынышты дәретханадан бір-ақ шығады. Мектеп басшыларының айтуынша оқу орнының өзге де жерлері оңып тұрған жоқ. Жаңбыр жауса төбеден су сорғалап, ескірген электр сымдары компьютерлерді толық қосуға мүмкіндік бермейді. 

«Осылай басымыздан су ағып жатады. Мына жерде шелек-шелек су тұрады. Ондайда дәлізге шығып, балаларға «олай жүр, былай жүр» деп, айғайлап жүгіріп жүреміз. Электр тоғының 80 пайызы істен шыққан. Артық нәрсе қоса алмаймыз. Бір компьютерді қоссақ, екіншісін қосу мүмкін емес. Өйткені, жарық өшеді де қалады. Бір-біріне жабысып, екі кештің ортасында жарық болмаған кезде сабақты  қалай өткізетінін де білмей қаламыз», – дейді Алматы  облысы Талғар ауданы Гүлдала  ауылы №21 мектеп директорының әдістеме жөніндегі орынбасары Роза ХАЙМУЛЛИНА.

Мектеп ресми түрде екі ауысым деп танылғанымен, шындығында, үш ауысыммен оқимыз дейді директор. Оқушыларға сынып жетіспегендіктен дәліздің көбін қосымша кабинет жасап алған. Ал кабинетке қажетті құрал-жабдықтар әбден ескірген, онда да басқа оқу орындарының қалдықтарын әкеп қойдық дейді ұстаздар.

Бұл – мұғалімдердің осымен өздері жасап жатқан он сегізінші кабинеті. Осы уақытқа дейін сабақ өтетін орын жетпегендіктен дәліздердің көбін кабинетке айналдырса, кезек еңбек пәнін өтетін орынға жеткен. Оқушыларға парта жетіспегеннен, мынадай шкафтар қойылған, олардың беті ДСП-тақтаймен жабылған. Оқушылар көшеден әкелінген мынандай сынық орындыққа отыруға мәжбүр. Ал қаңғырлаған тақта да құлауға шақ тұр.    

Он жылдан аса осы мектепте директор болған Қуан Айтбаев: «Хат жазып, шағымданбаған жерім қалмады. Барлық жауапты органдардан нақты жауап келмеді. Сабақ сапасына емес, қауіпсіздікке алаңдаумен күніміз өтіп жатыр», дейді. Салынғанына 51 жыл болған мектепке бір де бір рет күрделі жөндеу жұмысы жасалмаған екен.

«Эпидемия болса кім жауап береді? Мен оны ата-аналарға түсіндірдім. СЭС бізге рұқсат бермейді. Кабинеттердің жетіспеуіне байланысты біз өз тарапымыздан аудан әкіміне, облыстық Білім басқармасына, тиісті құзырлы органдарға мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге сұраныстар бердік», – дейді Алматы облысы Талғар ауданы Гүлдала ауылы №21 орта мектебінің директоры Қуан АЙТБАЕВ.

Ал аудандағы білім бөлімінің басшысы сотқа тартылып, «байтал түгіл, бас қайғы» болып жатқандықтан, оның орнына уақытша маман келген. Кадрларға жауапты уақытша басшының айтуынша, Гүлдаланың мектебі жуық арада жөнделмейді. Тек қаржы бөлінсе, келесі жылы ғана мәселе шешілуі мүмкін.

«Екі-үш жылда мектеп салынады деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Алдағы жылы бұл жерде күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі. Өзіңіз білесіз, кабинеттер қосылады. Ол бойынша бүгінгі күні облыстық Білім басқармасына жобалық сметалық құжаттар өткізіп, сол бойынша 22 миллион теңге сұраттық, бас есепшілеріміз кеше ғана сол сметалық-жобалық құжатты қорғауға кетті», – деді Алматы облысы Талғар ауданы Білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұржан ОРАЛХАНОВА.

Жағдайдың қиындығына қарамай, 80 сыныптағы балаларға сапалы білім берсек деген ұстаздар тамақтану орнының тарлығын да айтып қалды. Тек бір қуантарлығы, осы уақытқа дейін қыста суық, тар кабинетте тығылып, тоңып келген оқушылардың ескі мектебіне газ тартылыпты. 

Әмірболат Құсайын, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы  


Новости партнеров