Алматыда ұлттық аспаптар жасайтын мамандарға сұраныс артып келеді

Алматыда ұлттық аспаптар жасайтын мамандарға сұраныс артып келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақтың көне музыкалық аспаптары көп болғанымен, көбі қолданыстан шығып қалған. Тіпті, оның ішінде жұрт білмейтіндері де бар. Ұлттық музыка аспаптарын жасайтын алматылық шеберлер осылай дейді.

Шеберлердің пікірінше, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы көмескіленген әуенді аспаптарды танып, бағзы замандағы музыкалық құралдарды жасауға құлшыныс танытатын жастардың артуына жол ашады.

Шеберхана ішінде шуылдаған артық дыбыс жоқ. Домбыра, қобыз сынды түрлі ұлттық аспаптарды ынтасымен жасап жатқан жастардың бар ойы – қолдарындағы заттардың сәтті шығуы. Дара, сирек әрі күрделі өнерді таңдаған колледж студенттері мамандықтарының қоғамда сұранысқа ие болатындарына сенеді.

«Шыдамдылықпен, сабырлылықпен, байсалдылықпен жасамайтын болса, ол домбыра - домбыра болмайды деп есептеймін. Жастар қазір көбінесе шетелдің және басқа да елдердің мәдениетіне еріп кетіп жатыр. «Рухани жаңғыру» жастарымыздың сондай жат мәдениетке еріп кетпесі үшін, өзінің салт-дәстүрін ұмытпауы үшін осы өте жақсы ойлап табылған бағдарлама деп санаймын», – деді Алматы құрылыс және халықтық кәсіпшілік колледжінің студенті Әлмерек ЕЛУБАЙ.  

Әкесінің жолын қуған Әлмерек секілді жастарды ұлттық аспаптарды жасауға үйрететін жалғыз оқу орнының ұстаздары Ұлы даланың мақтан тұтар музыкалық аспаптары көп болғанымен, көпшілігі жұрт жадынан әлдеқашан ұмытылған дейді. Елбасының бұл салаға арнайы, жеке тоқталуы жоғалған дүниені түгендеуге, оған қызығатын шеберлердің көбеюіне әкеледі деп санайды.

Қазақтың төл аспаптарының саны ғалымдардың пайымдауынша, 32-ден асады. Бірақ біз олардың тек оншақтысын ғана ойға түйгенбіз. Шертпелі, ыспалы, үрлемелі, ұрмалы сияқты түрлерге бөлінетін төл аспабымыздың барлығы осы шеберханада жасалады.

Тас, ағаш, темір, саз, тері, ішек, қыл, тіптен, өсімдіктің бұтақ сабынан да сан түрлі аспап жасап, музыка өнерін дамытқан. Қара қурайдан-ақ қазақтың болмыс-бітімін, мұңы мен мұратын айқындап берген сыбызғының өзі сирек қолданылады. Үскірік пен ысқырық, шаңқобыз бен келіқобыздар қалтарыста қалды. Осыларды жасап, жұртқа жеткізу шеберханадағы жастардың міндеті болмақ дейді оқу орнының басшылары.  

«Ұлы даламыздың жеті қыры өте үлкен жоспар, жоба десек болады. Бұл біз сияқты ұлттық музыкалық аспаптар дайындап жүрген шеберлерге үлкен үміт, ізденудің бір жолы. Артымыздан келе жатқан ұрпаққа үйретіп, көрсетіп, шәкірт тәрбиелеп, мұра ретінде қалдырсақ дейміз. Ешқашан ұмыт болмаса, шеберлік деген дара мамандықтың бірі ғой», – дейді Алматы құрылыс және халықтық кәсіпшілік колледжі өндірістік оқыту шеберханасының жетекшісі Назым ЖҰПТЫБАЕВ. 

Бозаншы, борғүй, бұғышықтың затын тұрмақ, атын да түсіне алмаймыз дейді Елбасы мақаласына үміт артқан ұстаз-шеберлер. Киіз басып, сырмақ тігіп жатқан қыздардың айтуынша, қазақтың байырғы бұйымдарының технологиясымен жасалған заттар мәнін әлі жоғалтқан жоқ. Қайта, келбетін келістіріп тіккен киіз бұйымдар тек қолы жеткен қалталылардың ғана киетін сәнді киіміне айналған. Ұлттық құндылықты дамытуға қозғау беретін мақаладан соң қолөнер бойынша кәсіби түрде оқытатын жалғыз оқу орнында студенттер саны арты түспек дейді.

Әмірболат Құсайынұлы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров