Түркістан облысында жоғалып кеткен келіншектер Отардан табылды

04.12.2018 21:27

Түркістан облысының полицейлері із-түзсіз жоғалып кеткен Келес ауданының тұрғыны Ұлжалғас Мұсаеваны іздеп тапты. Бойжеткен басқа аймақтан жаңа жұмыс тауып алған, деп хабарлайды Nur.kz.

2018 жылы 21 қарашада Келес аудандық Ішкі істер басқармасына Ұлжалғас Мұсаеваның анасы келіп, қызының жоғалып кеткені туралы арызданған болатын.

1996 жылы туған бойжеткен 17 қараша күні үйінен шығып, қайта оралмаған еді.

Ата-анасы қыздарының құрбысымен белгісіз жаққа бет алған болуы мүмкін деген болжам да жасады.

Тәртіп сақшыларының жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде, із-түзсіз жоғалған бойжеткенді Жамбыл облысының аумағынан тапқан.

Белгілі болғаны, ол өзінің құрбысымен Отар станциясындағы әскери бөлімге аспаз көмекшісі болып жұмысқа орналасқан екен. 1 желтоқсан күні Ұлжалғас Мұсаева үйіне қайтарылған.

Түркістан облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, қазір полицейлер оқиғаның себеп-салдарын мен мән-жайын анықтап жатыр.

Туыстары Ұлжалғас Мұсаеваның үйден кету себебін күйеуі екеуінің арасындағы ұрыспен байланыстырған болатын. Ал құрбысының отбасында да, оқуында да ешқандай да мәселе болмаған көрінеді.