Алматыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалық кеңсе ашылды

Алматыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалық кеңсе ашылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жемқорлықты түбімен жою үшін алдымен оның себеп-салдарын анықтап, талдау жасау қажет. Осылай деген сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік мамандары қалалық әкімдікпен бірігіп, оңтүстік астанада «Алматы – адалдық алаңы» жобалық кеңсесін ашты.

Орталықтың кейбір мәселелері шешілмегендіктен уақытша қаладағы «Рухани жаңғыру» кеңсесінде орналасты. Ал кейінірек бизнес кешендердің біріне ауыспақ. Жобаның басты міндеті – тұрмыстық жемқорлықты жойып, азаматтар мен бизнес үшін кедергісіз және қолайлы жағдайлар жасау. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етіп, ауқымды қоғамдық бақылау жүргізу болып отыр.

«Енді сыбайлас жемқорлықты жою үшін біріншіден оның себептерін анықтау керек.  Мына жобаның шеңберінде біз мемлекеттік қызмет көрсету саласын, сонымен қатар, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларын зерттеп, сыбайлас жемқорлықтың себептерін анықтап, оны жоюға тырысамыз», – деді

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас БЕКТЕНОВ.

Ал Алматыда ашылған «Cаналы ұрпақ» жемқорлыққа қарсы технологиялар зертханасы нәтиже көрсетуде деді қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев. Оған қоса, 1 жыл бұрын қолданысқа берілген «Open Almaty» қоғамдық қабылдауы да үздік деп танылған. Мәселен, жыл басынан бері «13-08» колл орталығы мен әлеуметтік желіге 80 мыңнан астам өтінім түскен. Оның 58 мыңының мәселесі бірден шешілген. Жаңадан ашылған кеңсе таңертеңнен кешке дейін адамдарды қабылдайды. Әзірге бес маман жұмыс істеп жатыр.

«Бұл жобаның алғашқысы Астанада ашылған. Біз әзірге соның тәжірибесіне жүгінеміз. Ал кейін республиканың барлық өңірлерінде жүзеге асатын болады. Бүгінгі таңда жемқорлықпен күрестің арнайы белгіленген қағидасы жоқ. Дегенмен, онымен күрес барысында пайда болған іс-қимылдар, әрекеттер сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізуімізге мол мүмкіндік береді», – деді «Алматы – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Александр БРАТЕНКОВ.


Новости партнеров