Алматыда тұрғындарды тегін тамақтандыратын «Уақып» асханасы ашылды. Тұрмысы төмен тұрғындар үшін тамақтану орны аптаның 5 күнінде жұмыс істейді. Орталық мешіт қызметкерлерінің айтуынша, бұл жердің жұмысы жыл он екі ай тоқтамайды.
Тегін асханадан түстенуге келген жанның бірі – Ерғалым Әділханұлы. Кезінде журналистика мамандығын бітіріп, талай баспасөз бетіне мақалам шыққан дейді. Алайда, тағдыр тәлкегіне түскен азамат уақытша қиын жағдайда жүргенін айтады. Қарашаның қара суығында ақысыз тамақ тарататын орынның ашылғанына қуанғанын жасырмады.
«Адамдардың жағдайлары әр түрлі ғой. Басқа салған өмірдің тауқыметі... Рахметімді айтамын енді, жаураған кезде бір ыстық тамақ ішіп әлденіп алған жақсы ғой. Мұндайды басқа салмасын», – дейді Ерғалым ӘДІЛХАНҰЛЫ.
«Уақып» асханасына тамақтануға келгендер арасында балалы әйелдер мен мүгедек жандар көп. Бұл орынның мақсаты да сол – жетім-жесір мен жалғызбасты аналарға, жағдайы төмен отбасыларға сәл де болса қолдау көрсету.
Күздің ызғарлы суығында ыстық ас ішіп, әл жинап алу үшін келгендер жаңа ашылған асхана қызметкерлеріне дән разы. Бірі: «Тамағы жаман емес, бүгін екінші рет келуім. Мен негізі, жетім адаммын. Жалғызбастымын. Талдың астында түнеп жүрген мен сияқты панасыздарға бұл үлкен көмек болды», – десе, енді бірі: «Мен бірінші рет келіп тұрған жоқпын. Тамақтары дәмді. Осындай шаралар керек деп ойлаймын. Мен екі баламды жалғыз өзім бағып отырмын. Алғысым шексіз», – деп ризашылықтарын білдіруде.
Мұнда күніне 120 адамға дейін келіп, 3 мезгіл тамақтана алады. Тек алдымен Орталық мешіттің жанындағы «Ихлас» қайырымдылық қауымдастығынан арнайы талон алу қажет.
«Жақын арада Алматы Орталық мешітінің ұйымдастыруымен «Уақып» асханасын ашуды жөн көрдік. Бір ғана демеуші кісі келіп, өзінің аты-жөнін айтуды құп көрмеді. Аптаның 5 күнінде 3 мезгіл тегін тамақ таратылады. Талон қарным аш, бірақ ыстық тамақ ішуге мүмкіндігі жоқ кез келген жағдайы төмен отбасыға беріледі», – деді Алматы қаласы Орталық мешітінің наиб имамы Ермек КӨКІРЕКБАЕВ.
Тегін тамақтанатын асхана Сейфуллин даңғылы мен Радищев көшесінің қиылысында орналасқан. Бұл жерге күніне бір рет келіп ауқаттанған адамның сол күні қайта келіп, тамақ жеуіне шектеу жоқ. Тек қолында арнайы талоны болса, жеткілікті.
Тоғжан Жалғасбекқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы