Алматыдағы жеке су ұңғымаларының басым бөлігі санитарлық талаптарға сай емес

Алматыдағы жеке су ұңғымаларының басым бөлігі санитарлық талаптарға сай емес
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда  тұрғындар су ішіп отырған 33 жеке ұңғыма санитарлық талапқа сай емес. Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары оларды жаппай тексеріп жатыр. Осы уақытқа дейін Әуезов, Алатау және Медеу аудандарында орналасқан жеке ұңғымалардың жұмысын уақытша тоқтату туралы сотқа арыз жолданған. Бірақ сот шешімі шыққанына қарамастан, үкім іске асырылмай отыр.  

Медеу ауданындағы Көлсай ауылындағы қайнар бұлақ апатты жағдайда. Тозығы жеткен су желісінен мыңдаған тұрғын тіршілік нәрін алып отыр. Аталған нысанды тексеруге барған санитарлық дәрігерлер зираттың тым жақын орналасқанын анықтаған. Сондықтан тұрғындарға мұндай орыннан ауыз су тұтыну аса қауіпті екенін ескертеді.

«Медеу ауданы Көлсай ауылындағы қайнар бұлақ 2012 жылы Алматы облысынан бізге өтті. Бұған дейін анықталғандай, аталған нысанның жұмысын уақытша тоқтату туралы Алматы облысы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты шешім шығарған. Бірақ ол үкім орындалмай отыр. 1 метр қашықтықта зират бар. Талап бойынша оның арақашықтығы кем дегенде 1000 метр болуы тиіс», – деді Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Гүлжан ҚИЛЫБАЕВА.

Ал қаланың Әуезов, Алатау және Медеу аудандарында жеке ұңғымалардың жұмысын уақытша тоқтату туралы сотқа арыз жолданған. Өкініштісі, қаулы қағаз түрінде ғана қалған. Тек қана бір ғана ұңғыма орташа есеппен, 1300-ге жуық үйді ауыз сумен қамтиды. Қала билігі бұл мәселені шешу үшін абоненттерді орталық су жүйесіне қосуды қолға алмақ.

«Денсаулыққа зиян болады. Микробтар дейміз. Санитарлық-химиялық көрсеткіштері сәйкес болмауы мүмкін. Сондықтан тұтынушылар түрлі ауруға шалдығуы да мүмкін. Тұтынушыларға қазіргі таңда Алматы қаласындағы судың бәрі таза деп айтылып жатады. Дегенмен, тұтынушылардың өздері де қарап, су құрамы ұнамай жатқан жағдайда, арыз-шағым жазуларына болады», – дейді Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Әнел МҰСАЕВА.

Санитарлық дәрігерлер қаладағы 33 жеке ұңғыманы тексеріп шықты. Бүгінде ол жер асты сулары 11200 тұтынушыны тіршілік нәрімен қамтып отыр. Олардың басым бөлігі Алатау, Наурызбай және Медеу аудандарында орналасқан. Көбісі санитралық талаптарға сай болмай шыққан.

Перизат Көмекбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров