Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры қызметкерлерінің жалақысына желтоқсан айынан бастап 30 пайыздан жоғары үстеме ақы қосылады. Ал қаңтар айынан бастап ол тұрақты түрде берілетін болады.
Бұл туралы бүгін аталмыш өнер ордасында өткен брифингте мәлім болды. Жаңа басшы кеңесшісінің айтуынша, бұдан былай шығармашылық ұжымдағы әр адамның жұмысын тікелей директордың өзі бағалайды.
«1 желтоқсаннан бастап барлық хор мен оркестр артистеріне үнемдеу есебінен шеберлік үшін 30-40% қосымша ақы төленеді. Қаңтар айынан бастап бұл тұрақты төленетін болады. Ал жалақы мәселесі келер жылы шешіледі деген ойдамын», – деді Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры директорының кеңесшісі Базарғали ЖАМАНБАЕВ.
Айта кетсек, бұған дейін театр артистері жалақыларын көтеру туралы Президент атына хат жолдаған болатын. Бұл мәселе қазір Мәдениет және спорт министрлігінде қаралып жатыр. Ал кеше ғана театр директоры Асқар Бөрібаев қызметінен өз еркімен кетіп, оның орнына Ая Қалиева тағайындалды.