Ал мұғалімдер арасында Қасыл Қатықбаева атындағы «Ұстаз мәртебесі – ұлт мерейі» қалалық байқауының жеңімпазы көлік мінді.
Сайыста бағын сынауға 100 ұстаз өтініш білдірген. Арасынан оқ бойы озып шыққан 23 мұғалім, 3 кезең бойынша сынға түсті. Сынақтың барлығынан мүдірмей өтіп, жоғары нәтиже көрсеткен Сәуле Ахметова бас жүлдені иеленді. Бәйгеде топ жарған үздік педагогқа жаңа темір тұлпардың кілтін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек табыстады. Сәуле Ахметова Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді.
«Жыл сайын қазақ мектебіне сұраныс көбірек болады. Қазақ мектептерінің білім сапасы басқа мектептерге қарағанда әлдеқайда жоғары. Мұны Елбасы саясатының үлкен жетістігі деуге болады. Алғашқы жылдары көп адамдар балаларын қазақ мектептеріне жібергенімен, сапасына күмәнмен қарайтын еді. Қазір ондай мәселелер жоқ», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Атап өтерлігі, бұл байқау осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Былтыр тек қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысса, биыл барлық пәннің ұстаздары бақ сынады. Ал келесі жылы республикалық деңгейде ұйымдастырылмақ.
«Сайыста жеңімпаз болу, мәреден көріну, яғни алғашқы орындардың бірін иелену – мен үшін үлкен қуаныш. Менің ұстаздық өміріме үлкен шабыт сыйлады. Бұл жеңіс шығармашылық шыңдалуыма көмектеседі деген ойдамын. Дәл қазір ерекше толқып тұрмын. Сезімімді айтып жеткізе алмаймын», – дейді «Ұстаз мәртебесі – ұлт мерейі» қалалық байқауының жеңімпазы Сәуле АХМЕТОВА.