Жаңа театр, ерекше көрме: Алматыда алдағы демалыс күндері қандай мәдени шаралар өтеді?

12.10.2018 21:35

Алматыда жаңа театрдың тұсауы кесілді. Аты аңызға айналған тұғырлы тұлға Асанәлі Әшімовтың шәкірттерінен құралған ұжым бірнеше күн қатарынан спектакль қойды. Жас түлектердің өнерін жұрт қашан және қайдан көре алады? Сондай-ақ, сенбі және жексенбі күндері Мемлекеттік орталық мұражайда қандай көрмелер ұйымдастырылады? Алдағы демалыста қала қонақтары мен тұрғындарын қандай мәдени шаралар күтіп тұр?

Бұл күні кеше ғана тұсауы кесілген Асанәлі Әшімовтың театры. Биыл түлеп ұшып, өнерге енді аяқ басқан жастардың қоржынында әзірге 7 шақты қойылым бар. 9-10-11 қазан күндері әкем театрдың кіші залында «Қарагөз» трагедиясы, «Арыстандар патшалығы» және «Соңғы қоңырау» қойылымдарының тұсаукесері өтті. Ал жуық арада ізін суытпай өзге де спектакльдер көрсетіледі екен.

«Алдағы уақытта, қараша-желтоқсан айларында біртіндеп 3 спектакль дайын болады. Қазірдің өзінде 6-7 спектакліміз бар. Соның бәрін көрсетуіміз керек. Жігіттердің ішіндегі ыңғайы бар дегендерін режиссураға баулып жатырмыз», – деді КСРО халық әртісі Асанәлі ӘШІМОВ.

Премьераның соңғы күнінде 30 –ға жуық жас түлектен құралған ұжым «Соңғы қоңырау» поэтикалық драмасын қойды. Спектакль достарға деген риясыз шынайы көңіл, бала махаббат пен ауылдың тыныс-тіршілігін көзге елестетеді. Оқиға басты кейіпкер Ораз бен оның достары арасында өрбиді.

«Алматыдан ауылға бір оқушы жаңадан ауысып келеді. Сол оқушы қызды көрген сыныптасы оған ғашық болады да өзінің жан дүниесін түбегейлі өзгертеді. Сөйтіп сол қызға ғашық болған сәттен бастап өз-өзіне қарайтын болады. Таңғы сабаққа ерте оянады. Қойылымда жағымсыз кейіпкер жоқ. Себебі, бала күнімізде бәріміздің де көңіліміз кіршіксіз, еш арам ойсыз болды ғой. Барлығы мейірімді, бір-біріне махаббатпен қарайтын кейіпкерлерден тұрады», – деді Елдар ТАШКЕНБАЙ.

Ал демалыс күндері Мемлекеттік орталық музейде Зұлқайнар Қожамқұлов пен Әбдуахат Мұратбаевтың біріккен көрмесі ашылады. Екі суретші екі түрлі болғанымен, олардың көзқарастары бір. Қазақ тарихына, ұлттық мәдениетке деген көзқарастары ұқсас. Композициялық көрме екі бөлімнен тұрады. Онда кескіндеме жұмыстары мен мүсіндік арт-обьектілер бар. Бас-аяғы 80 шақты туындыны көруге болады.

Одан бөлек, шведтік көрнекті режиссер, «Оскар» сыйлығының үш мәрте иегері атанған Ингмар Бергманның 100 жылдық мерейтойына орай көрме өтіп жатыр. Жазушы-сценарист саналы ғұмырында 170-ден аса театр қойылымының авторы болған, 60-тан астам көркем және деректі фильм түсірген. Көптеген кинофестивальдерде лауреат атанған.

«Шведтік кинорежиссер Ингмар Бергманның көрмесі ашылды. Ол 20 ғасырдың атақты тұлғаларының бірі. Филинни, Антонинилермен есімі қатар аталып жүрген кісі болған. Менің ойымша, оның шығармашылығы қазақстандықтарға өте қызық болмақ», – дейді ҚР Мемлекеттік орталық мұражай директорының бірінші орынбасары Бейбітқали ҚАҚАБАЕВ.

Айта кетейік, көрмелер қазан айының соңына дейін жалғасады. Оған қоса, мұражай қызметкерлері бірнеше қызықты әрі танымдық көрмелер де өтіп жатқанын айтады

Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы