Министр өрт қауіпсіздігі бойынша жүргізілген тексеріс қорытындысын жариялады

12.11.2018 22:40

Еліміздің Ішкі істер министрлігі сауда орталықтарында өрт сөндіру қауіпсіздігі 15 мыңнан аса мәрте бұзылғанын анықтады. Мұндай тексерісті құқық қорғаушылар Ресейдің Кемерево қаласындағы төтенше жағдайдан кейін жүргізген. Осылайша, 1 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылған екен. Үкімет сағатында Қалмұханбет Қасымов жоспарлы бұл тексерістерден кейін жауапкершіліктен сытылып кететін бизнесмен жайлы да айтты. Мәселен, екі мыңға жуық кәсіпорынға өрт сөндірушілер кіре алмаған.

Өрт дабылы мен хабарландыруының істен шығуы, сауда орындарындағы эвакуация жолдарының бұрыс орналасуы, ал апаттық және қосалқы шығыстардың тіпті жабық күйде болуы. Ішкі істер министрлігі мамандары осы тектес 15 мыңнан астам заңбұзушылықты анықтаған. Үш ай бойы еліміздің 1240 нысанына тексеру жүргізілген.  

«1220 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 19 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Нұсқама бойынша 776 нысанда олқылықтар толық көлемде жойылды. Ал өрт қауіпсіздігі талаптарын орындамаған 138 нысан бойынша деректер сотқа жолданды», – деді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.

Ал 2000 мыңға жуық кәсіпорын жауапкершіліктен сытылып кетті. Мамандар оларға бас сұға алмаған. Бәріне заңның тым жұмсақтығы себеп деп ойын жеткізді Қалмұханбет Қасымов. Мұндай олқылықтарды жою үшін министр заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынбақ.

«Көптеген кәсіпкерлер атауын өзгертеді, қайта құрылады. Ал мұның барлығы оларға үш жыл бойы тексеріске жатқызылмауға мүмкіндік береді. Былтыр 1100 нысан болса, биыл 800 объектіні тексере алмадық. Заңға өзгеріс енгіземіз», – деді Қалмұханбет ҚАСЫМОВ.

Бұдан бөлек, ішкі істер министрі өрт сөндіру деполарының тапшылығын тілге тиек етті. Белгілі болғаны, қазір елімізде 422 өрт сөндіру депосы бар. Олардың жартысынан астамы заманауи талаптарға сай келмейтін ғимараттарда жұмыс істейді. 23- ке жуығы апатты жағдайда. Түйткілді шешу үшін 137 кешен салу керек. Ал, Владимир Божко әбден таптаурын болған мәселені қайта көтерді. Айтуынша, саладағы нөмірі бірінші проблема – өрт сөндірушілерінің қаржыландырылуы жеткіліксіз.  

«Ішкі істер министрлігінің қаржы департаменті өрт сөндірушілер жайлы ұмытып кететіндей. Бұған бір ғана мысал - республикалық бюджеттен былтыр өрт сөндіру көлігін сатып алуға бір де бір теңге бөлінбеді. Бұдан кейін халықтың қауіпсіздігіне деген мемлекеттік қатынас қайда деген сауал туындайды», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің вице-спикері Владимир БОЖКО.

Анықталғандай, бұл өрт сөндірушілердің жалғыз мәселесі емес. Әр төртінші маманның тұрғын үйі жоқ. Күн сайын өмірін тәуекелге тігетін мамандық иелерінің жалақысы 65 пен 118 мың теңгенің аралығында екен. Мәжіліс қабырғасында өткен жиында азаматтық қорғау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 10 пайызға жоғарылайтынын мәлімдеді.


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана