Алматы бюджетінен үнемделген қаржы әлеуметтік мәселелерге жұмсалады

Алматы бюджетінен үнемделген қаржы әлеуметтік мәселелерге жұмсалады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласының мәслихаты әлеуметтік салаға қосымша 611 миллион теңге бөлетін болды. Бүгін өткен кезекті сессияда қала бюджеті қайта қаралып, үнемделген қаражатты әлеуметтік маңызы бар салалар мен жобаларға бөлу туралы шешім қабылданды.

«Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларды қолдауға қосымша 42 млн теңге, үйден оқытылатын 676 мүгедек балаға материалдық көмек ретінде 6 млн теңге қарастырылады. Оқушылар қатарының көбеюіне байланысты 260 млн теңгеден аса қаржы мұғалімдер жалақысын көтеруге бөлінбек. Сонымен қатар, Шаңырақ шағынауданында 320 орындық балабақша құрылысына қосымша 528 млн теңге қарастырылған», – деді Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ілияс ӨСЕРОВ.

Жол және көлік инфрақұрылымын дамытуға 4 млрд 4 млн теңге қосымша бөлінеді. Бұл қаржының 2 млрд теңгеден астамы ішкі әлеуметтік маңызы бар автобус тасымалына жұмсалмақ. «Достық» пен «Сарыарқа» метро стансаларының құрылысын аяқтауға жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге қосымша қарастырылады. Сонымен қатар, Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы жалғасатын болады.  

«Республикалық бюджеттен Алматыға қосымша 10 млрд 8 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат Абай даңғылын ұңғылауға, Рысқұлов пен Құлжа жолайрығының құрылысын аяқтауға, 2021 жылға қарай метро стансасын пайдалануға беруге және электр пойыздарын сатып алуға бағытталады», – деді Ілияс ӨСЕРОВ.

Көлік инфрақұрылымын дамытумен қатар, ағымдағы жылы қаланы абаттандыруға 372 млн теңге ал, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жақсартуға қосымша 694 млн теңге бағытталмақ. Сондай-ақ, қалалық сот ғимаратының құрылысын жалғастыру үшін 1 млрд теңге жұмсалады. Сессияға қатысқан мәслихат депутаттары бюджет нақтылауын бірауыздан қолдады. Осылайша, Алматы бюджеті 537 млрд теңгені құрап отыр. Оның ішінде нақты қолда бар қаржы – 434 млрд теңге.


Новости партнеров