Алматыда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың құрметіне ескерткіш тақта қойылды.
Мемориалды тақтайша қаладағы Гоголь көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің қабырғасына орнатылды. Нұртас Дәндібайұлы – дәл осы жоғары оқу орнын ашуға үлкен күш салған тұлғаның бірі. Еліміздегі сауатсыздықты жою ісімен айналысып, білім-ғылымның дамуында ерекше із қалдырған азаматтың айтулы істері ұмытылмайды дейді зиялы қауым.
«Нұртас Оңдасынов – Кеңес үкіметі өршіп тұрған кезде қазаққа ұлттық кадр дайындау және өзінің мектебін қалыптастырған ғалым. Қазір мінекей, осы жоғарғы оқу орындары үлкен білім мен ғылымның қарашаңырағына айналып отыр. Өткенін ұмытқан өшкендіктің белгісі, ертеңін есіне салған өскендіктің белгісі дейді. Бүгінгі болып жатқан іс-шара осының дәлелі», – деді Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар АЛДАМБЕРГЕНОВА.
Сонымен қатар, жиналған қауым мен оқу ордасының студенттері Нұртас Оңдасыновтың өмірі мен қызметіне арналған «Биліктен биік тұлға» атты деректі фильмді тамашалады. Айта кетсек, фильмді Қазақстан Республикасы президентінің телерадиокешені түсірген.