Жаркентте студентті сабаған колледж оқытушысына қатысты қылмыстық іс қозғалды

Жаркентте студентті сабаған колледж оқытушысына қатысты қылмыстық іс қозғалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында дене шынықтыру пәнінің оқытушысы студентті сабап тастады.

Оқиға кеше Жаркент қаласындағы көпсалалы колледжде орын алған. 34 жастағы ұстаздың 3-ші курс студентін соққының астына алған сәтін қасындағылар ұялы телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. Бейнежазбада мұғалімнің студентті тепкілеп жатқанымен қоймай, балағаттаны анық естіледі.

«Базардан бірдеңе сатып әкеп берейін деп пе едің, не? Базардан бірдеңе әкеп берейін дедің бе? Мен сенен бірдеңе сұрадым ба осы уақытқа дейін».

Бүгін Алматы облыстық Білім басқармасы аталған деректің расталып, арнайы комиссия құрылғанын жеткізді. Қазір оқушысын сабаған ұстаз жұмыстан шеттетілген. Тек тексерістен кейін оқу ордасының басшылығы мен педагогқа қандай шара қолданылатыны белгілі болмақ. Оған қоса, Алматы облыстық Полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қазір сотқа дейінгі тексеру басталды.

«Әлеуметтік желідегі кеңінен таралған бейнежазбаны зерделей келе, қазіргі таңда Панфилов ауданының полициясы тарапынан бұл іс бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 140-шы бабының 2-тармақшасына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда күдікті жергілікті полиция бөліміне жеткізілді. Жауап алынуда. Қажетті жұмыстар атқарылғаннан кейін, нақты процессуалды шешім қабылданатын болады», – деді Алматы облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің ресми өкілі Серік ҮПИЕВ.


Новости партнеров