Алматыдағы Индустриалды аймақта тағы 4 зауыт іске қосылатын болды

25.09.2018 22:10

Инфрақұрылымдық жобалары толықтай аяқталған Индустриалды аймаққа қызығушы кәсіпкерлер қарқыны артқан. Бүгін 4 резидент аталған аумақта өз тауарларын шығару үшін келісім-шартқа отырды. Онда қандай тауарлар шығарылмақ? Бас-аяғы 490 гектар аумақты алып жатқан аймақта 3 жылдың ішінде қанша зауыт өнім өндіруге мүмкіндік ала алады?

Биыл Алматының Индустриалды аймағында 9 зауыт түрлі тауар шығаруды көздеген. Оның екеуі ендігі іске қосылды. Бірі жоғары технологиялық тоқөткізгіш кабель өнімдерін шығарса, екіншісі – металл габион торын жасайтын автоматтандырылған кәсіпорын. Желтоқсан айына дейін тағы да 7 кәсіпорын іске қосылады. Өндіріс орындары мұнай өндірісіне қажетті құбырлар, өнімді орайтын арнайы жұқа пленкалар, медицинада бір реттік қолданылатын заттар мен архитектуралық декоративті қасбетті жасауға кіріспек. Ал келесі жылы тағы да 16 кәсіпорын өз жұмысын бастайды.

«Индустриалды аймақта өндіріс ошағының барлық түрін жүзеге асыруға жақсы жағдай жасалған. Анығын айтқанда, инженерлік коммуникациядан мықты қуат көзі қарастырылған. Аталған аймақта, 80 мегаваттық екі қосалқы станция жұмыс істейді. Индустриалды аймақтағы 490 гектар жердің 200 гектарына инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізілген. Кәсіпкерлерге берілген жер телімі – 189 гектарды құрайды. Қазір бос жердің аумағы – 82 гектар», – деді «Алматы Индустриалды аймағы» ЖШС бас директоры Мұхтар ТҰРАБЕКОВ.

Индустриалды аймақта 2021 жылы соңғы кәсіпорын іске қосылады. Ол ең үлкен балмұздақ шығаратын фабрика болмақ. Қазір өндіріс ошағының жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Аталған аумақта өз ісін бастауға ниет білдіретін резиденттердің саны 3 жылда 60-тан асады деп күтілуде. Бүгін соның 4 келісім-шартына қол қойылды. Солардың алғашқысына – машина жасау саласындағы электр энергиясын тарату және басқару құрылғысын өндіру жобасына 300 миллион теңге инвестициялық қаржы қарастырылған. Темір тұлпар құрастыру ісінде жұмыс істейтін металл өңдеу, мобилді корпустар мен қақпалар және роллерлерді шығару жобасы да қолға алынбақ. Ал 250 миллион теңгедей қаржы химия өндірісіне жұмсалмақ. Сондай-ақ, мұнай өндірісіне қажетті құбырларды шығарумен айналысатын өндірістік желісін салу көзделген.  

«Біздің іске қосуды көздеп отырған зауытымыз металл өңдеу және оны құрастырумен айналысатын болады. Өндіріс қуаттылығы жылына 3 мың тоннаны құрайды. Штат бойынша 230 адамды жұмыспен қамту көзделген. Яғни, кәсіпорында екі ауысымда еңбек ету қарастырылған», – деді өндіріс орнының атқарушы директоры Ставакули МАКСЕН.

2021 жылға дейін Индустриалды аймақта нақты келісім бойынша 41 жоба жүзеге асырылады. Оған тартылатын инвестиция көлемі –155 миллиард теңге. Есесіне, 5 мың адам жұмыспен қамтылмақ. Бүгінде бес компания өз жұмысын сәтті жүргізуде.

Соңғы сегіз айдың ішінде Алматыда 500 млрд теңгенің өнімі өндірілгенін ескерсек, басым бөлігі дәл осы Индустриалды аймаққа тиесілі екен. Инновациялық кәсіпорын ашуға қауқарлы іскерлердің бастамасына тосқауыл жоқ. Сондықтан тың идеяға толы жоба саны едәуір артуы ықтимал. Ал қалалық әкімдік тарапы инфрақұрылымдық жұмыстарды жүргізіп, салықтық түсімдерді түсіріп беруге әзір.


Үмбетәлі Меймеш, Әйкерім Ердәулетқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы