Жат ағымның жетегінде жүрген жандардың діни білімі төмен. Тек діни ғана емес, кез келген сала бойынша көзқарас-түсініктері келте. Радикалды бағыттағы топтарға алматылық дінтанушылар осылай деп баға берді. Ал Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқарманың мәліметінше ұзақ, әрі табанды ақпараттандырудың арқасында ғана биыл теріс ағымдағы 20 адам райынан қайтқан.
Бұл адамдардың сырт келбеті қоғамға қорқынышты емес, алайда, олардың миындағы ақпарат және көзқарастары тұтас мемлекетке қауіпті. Кезінде елімізде тыйым салынған «Хизб-ут-тахрир», «Таблиғи жамағат» ағымдарына мүше болғандардың зауалы көп болған. Діни экстремизм ретінде танылған бұл ұйымдар қазір жоқтың қасы деп санасақ, ендігі қауіп «Такфир ва аль-Хиджра», яғни салафизмнің бір тармағы саналатын тәкфіршілерден туып отыр. Қазір имамдар, дінтанушылар, теологтар, саясаттанушылар ғана емес, жаппай бүкіл мемлекет болып бұл бағыттан теріс сенімнің сергелдеңіне ерген қандастарымызды қайтару үшін үлкен күш жұмсап жатыр.
«Бұлар жалпы мемлекеттің құрылымына қарсы. Мемлекетті дінсіздер басқарып жатыр дейді. Елімізге кеп жатқан дәстүрлі емес діни ағымдардың бәрі қауіпті», - дейді дінтанушы Асхат ҚҰМАШЕВ.
Жасы жетпіс тұрмақ, отызға жетпесе де желкілдетіп сақал қоятындар сауда саласында көп жүреді. Мұсылманшылықтың бұл түрін сүйегіне сіңіргендей оқшауланып, ұстанған бағытынан бақыт көргендей бөлектеніп жүретін жамағатпен жүздесу, әңгімелесу аса қиын дейді дін істері басқармасының өкілдері.
«Оларды шақырып, сөйлесе алмайтын болдық, келулері өте қиын. Түсіндіру жұмыстарына келмейді», - дейді Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы мониториг және талдау орталығының жетекшісі Нұрболат МАНАПБАЕВ.
Ал Шам еліндегі жихадшыларға бармақ ниетпен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қармағына түсіп, қазір жазасын өтеп жатқан жігіттің бірі – Айдос Сейтқалиев. Ол адасуының себебін қиындық қысқанда жөн сілтейтін жанның жоқтығымен байланыстырды.
«Көптеген адам мен білгім келген шындықты айтпайды. Сосын ғаламтор желісі арқылы шетелдік, посткеңестік елдердің уағызшыларының тәкфір туралы видео, аудио-дәрістерін оқуға кірістім. Көптеген бейнероликте Сирия туралы, сондай ақ Ирак, Палестина сынды Таяу Шығыстағы, Кавказ, Шешенстандағы әскери іс-қимылдарға шақырып, бауырластарға көмектесіңдер деген дәрістер оқылды. Осындай уағыздарды жиі тыңдадым», - дейді жазасын өтеуші Айдос СЕЙТҚАЛИЕВ.
Қазір тек Алматы қаласы бойынша 28 жан діни экстремизм әрекеттері үшін жазасын өтеп жатыр. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының имамдары радикалды бағыттағы көзқарасы үшін абақтыда отырған 170-ке жуық адамды райынан қайтарған. Ал теологтар адасушылардың діни көзқарасына былай деп баға береді.
«Осында ұстазы болмаса да шетелде оқып келген, Мысырда боп келген. Сол жақтағы күмәнді ғалымдардың шапанын ұстап, артынан ерген. Білімдері өте таяз. Біздің дінтанушылармен сұхбаттасудан қашады. Ұтылатын жерлерін біледі. Білімдері қай тұрғыдан алсаңыз да таяз. Басты уағызшылары осындай, ал қатардағы қарапайымдары тіпті білімсіз. Дінді арабша түпнұсқадан оқи алмайды. Жаттанды хадистері бар. Айтатындары - жиһад, бірақ өздері сол жиһадтың маңызын да білмейді», - дейді дінтанушы Асхат ҚҰМАШЕВ.
Алматы қалалық Дін істері басқармасының ұйытқы болуымен жыл бойы жүз мыңнан астам адаммен жалпылама кездесу өткізілсе, 1400-ден аса жанға жеке дәріс оқылған. Қазір, жат ағымның жетегіндегі үш жүзден астам адаммен дінтанушылар тұрақты жұмыс істеп жатыр. Олардың ішінде жиырмасы дұрыс жолға бет бұрыпты.
«Осы діни идеологияның құрбанына айналған біздің азаматтарды дәстүрлі құндылықтарға қайтару – басты мақсатымыз. Биыл біз мамандардың күшімен теріс ағымға еріп кеткен 1400-ден аса адаммен жұмыс істедік. Яғни, әрбірін жеке шақырып, әңгіме жүргіздік. Бұл өте үлкен жұмыс. Өйткені адасқан адамды әңгімеге көндіру, оны алдыру, онымен сұхбат құру – үлкен жұмыс, ұзақ уақытты алады», - дейді Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Айдар ЕСЕНБЕКОВ.
Жалпы, түзету мекемелерімен және ол жерде діни көзқарасы үшін сотталғандармен ел көлемінде 67 имам жұмыс істеп, 168 азамат дәстүрлі дінге оралған дейді мүфтият өкілдері.
«Жат ағымнан жапа шеккен азаматтарға жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Соның нәтижесінде көптеген азамат ортамызға оралып, дәстүрлі дінмен қайта қауышып жатыр. Біздің имамдар жат ағымдағы адамдармен сағаттап сұхбаттасады. Олардың орталықтарына ғана емес, отбасына да барады. Қуанышы мен қайғысында бірге болады. Бірнеше жылдың көлемінде олармен жеке жұмыс істеу арқылы көзқарасын өзгертуге септігін тигізіп жатыр», - дейді ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ.
Мүфтият адасқан 516 адамды райынан қайтарған. Ал, елде қазақтың танымы мен талғамына теріс қарап, өзгенің тозығын озық санап жүрген қанша адам бар екенін ашып айтпады. Сонымен, жылдық жұмысын қортындылап, кеткен кемшілік пен келешекте қателікті қайталамау үшін жиын өткізген дін істерінің өкілдерінен ел аман, жұрт тынышта үлкенге сәлем салуды – Аллаға серік қосу, дәстүрді күпірліктің көрінісі деп көретін қазақтардың көбею себебін сұрадық. Оған айтарға өсиеті, жақынын тартар қасиеті жоқ, дәстүрлі мұсылманшылықты дәйекті сөзімен сіңдіре алмаған, тентегін тезге, тентірегенін жөнге сала алмаған ақсақалдардың аздығынан әрі материалдық құндылықты жоғары қойған қоғамның кесірінен деген жауап алдық.
Әмірболат Құсайын, «Алматы» телеарнасы