Алматыда Халықаралық қарттар күні атап өтілді. Қаланың 8 ауданының қарияларына құрмет көрсетіліп, ақ дастархан жайылып, арнайы концерт қойылды.
Жалпы, БҰҰ Бас Ассамблеясының 1990 жылы қабылдаған қарары негізінде, бұл күн жыл сайын атап өтіледі. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының жіктеуінше, қарт адамдарға 60 пен 74 жас, кәрілерге 75-89 жас аралығындағылар, ал ұзақ жасаушыларға жасы 90-нан асқандар кіреді. Бүгінде алып шаһарда 223 мың зейнеткер тұрады. Бұл дегеніміз, қала тұрғындарының 12,5 пайызы.
«Дүниежүзі Қариялар күнін 1 қазанда атап өтеді. Ал біз, Алматы қаласының тұрғындары 31 күн бойы тойлайды. Қазан айы 31 күнге толады ғой. Сондықтан біздің қарттарымыз үшін мереке бір айға созылады», – деді Алматы қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еренғайып ШАЙХУТДИНОВ.
Бүгінде алматылық қариялар жаңа би түрін үйренуде. Қалада «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығындағы қарттарға арналып түрлі шеберлік сабақтар өткізілді. Бұл жерге келушілер саны күн санап артуда. Қазіргі таңда орталық тәулігіне 150 зейнеткерді қабылдап отыр. Аталған орталық алып шаһарда жасалған «Белсенді ұзақ өмір» жол картасы аясында ашылған. Оның мақсаты – егде жастағы азаматтарды белсенді өмірге тарту, олардың әлеуетін пайдаланып, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету.
Белсенді қариялар жаңа би меңгеруде. Тәжірибелі хореограф ашық аспан астында шеберлік сабағын өткізді. Одан бөлек, қарттар скандинавиялық жүрісті де үйренді. Аталған спорт түрі жүрек, қан-тамырларын үйесінің жұмысын жақсартып, басқа да ауру-сырқаттың алдын-алуға септеседі. Орталыққа келушілердің кестесі өте тығыз.
«Миды жаттықтырудың өзінің неше түрлі әдістері бар. Бір күні айкүне болатын болса, бір күні йога жасаймыз. Бір күні дене шынықтыру арқылы ем жүргізсек, бір күні қол жаттығуларын жасаймыз, миды жаттықтырамыз», – деді Қанат ТІЛЕУЖАНОВ.
Шұлық, бас киім және белдемше. Тоқыма өнімдерін орталықтағы ақ жаулықты аналардың өздері тоқыған. Зейнеткерлердің қолынан шыққан бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды. Мұнда олар үшін түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Одан бөлек, жаңа саланы меңгеремін деушілер үшін шаштараз, нэйл-стилист мамандар шеберлік сабақтарын өткізді.
«Йога, аэробикадан бөлек, ағылшын тілі, компьютермен жұмыс істеуді үйреніп жатырмыз. Шахмат, үстел теннисі сынды спорт түрлерін меңгере аламыз. Орталықта жаттықтырушымен де, өзің жекелей де жұмыс жасауға мүмкіндік бар. Маған өте ұнайды», – дейді Анна СОРОНЧИНА.
«Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына келушілер саны екі есе артқан. Алғашында 75 зейнеткер келеді деп жоспарланған. Қазір күніне 120-150 қария келіп жүр. Сонымен қатар, қарттарды жұмыспен қамту қолға алынуда. Тәжірибелі дәрігер, мұғалімдер базасы жасалып жатыр екен.
«Қазір 120 түйіндеме жиналды. Базаны толық жасап бітірген соң бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткіземіз. Жұмыс берушілермен де сөйлесіп жатырмыз. Жәрмеңкені осы айдың аяғында өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді «Күміс ғасыр» қоғамдық қорының директоры Әсия АҚАНОВА.
Қалада «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығынан бөлек, әлеуметтік 55 клуб жұмыс істейді. Жол картасы аясында 5 мың егде жастағы азаматтарды қамту көзделген. Қазіргі таңда оған қатысушылар қатары 6 мыңға жеткен.
Перизат Көмекбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы