Қазақстанда жаңа қант зауыты бой көтермек. Бұл туралы бүгін Мәжілісте аталған өнімнің бағасы тым шарықтап кеткенін алға тартқан премьер-министр Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді. Заманауи өндіріс ошағының салынуы ішкі нарықтағы қажеттілікті толық көлемде жабуға сеп болады. Бұдан бөлек, ел экономикасының мұнай өндіруге тәуелділігі төмендегені айтылды.
Жақын болашақта қазақстандықтар тәтті әрі сапалы өнімді тұтынып қана қоймай, оны сыртқа да шығарады. Бұл елімізде салынғалы тұрған заманауи өндіріс ошағының арқасында іске асуы мүмкін. Белгілі болғаны, республиканың қантқа деген сұранысы 500 мың тоннаны құрайды. Алайда, әзірге оның тек 10 пайызын қанағаттандыра аламыз. Аталған өнімнің 50-60 ғана тоннасы өндірілсе, қалғаны импортталады екен. Бақытжан Сағынтаев Ресей Федерациясымен болған келісімдер жайлы айтты. Белгілі болғандай, көрші мемлекеттегі қызылша түсімі өте төмен деңгейде. Демек, ол елде де бағаның шарықтауы байқалған. Премьер-министр біз осылайша Ресей Федерациясынан инфляцияны импорттап жатырмыз деді.
«Мұндай жағдайлар қайталанбас үшін Мемлекет басшымызбен бірқатар міндет жүктелді. Соның бірі – жаңа заманауи қант зауыттарын салу. Олар ішкі қажеттілікті толықтай жабатын болады», – деді ҚР премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Ал еліміздің Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Қазақстан экономикасының мұнай өндіруге тәуелділігі төмендегенін хабарлады.
«Мұнай өндіру мен қатты пайдалы қазбаларды өндіруге тоқталсақ, бүгінде оның үлесі 11,5-12 пайызды құрады. Атап айтқанда, оның деңгейі мен осы салалардағы өзгерістерге қатысты біздің экономиканың тәуелділігі төмендеді. Әсіресе, мұнай мен металл бағасына тәуелділік азайды», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.
Министр сервистік экономика 5 пайызға артқанын мәлімдеді. Елеулі өсім көлік және логистика саласында бар екен. Мәселен, осыған дейін экономиканың құрылымында оның деңгейі 6 пайыз болса, қазіргі кезде 9 пайызға жетіп қалыпты. Ал энергетика министрі Қанат Бозымбаев Астананы газдандыру мәселесіне тоқталды. Айтуынша, бас магистральге Астана қаласы мен Ақмола және Қарағанды облыстарының елдімекендері келер жылдың аяғына дейін қосылады деп күтілуде. Бұл мақсаттарға 28 миллиард теңге қаржы жұмсалады. Бүгінде техникалық-экономикалық негіздеме жетілдіріліп, мемлекетік сараптамаға өткізілген.
«Ақмола облысында газ құбырына 20 елдімекенді қосу көзделген. Әзірге жергілікті бюджеттен 100 миллион теңге бөлінді. Жылдың соңына дейін жобаның сметалық құжаттамасы әзірленеді. Бастапқыда республикалық бюжетті күтпей, жергілікті бюджет және инвесторлардың қаржысына жасалады шаралар», – деді ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ.
«Қазір қараша айы. Сіз жоба-сметалық құжаттама жылдың соңына дейін әзірленеді деп отырсыз. Бөлінген қаражат пен Ақмола облысының елдімекендерін атап өттіңіз. Нақты жоспар болуы тиіс! Елбасымыз жолдауында айтып өткендей олқылықтар болмауы қажет. Жол салынды, алайда аудан мен ауылдарға дейін төселген жоқ. Су жүйесі тартылды, бірақ кенттерге тораптар жүргізілмеді. Газбен де осылай болып жүрмесін!», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.
Бұған Энергетика министрі барлық жұмыстар үйлестірілген, ай сайын штаб ұйымдастырамыз деп жауабын қысқа қайырды. Еліміздің негізгі қаржы құжаты – үш жылдық бюджеттің мақұлданғанын атап өткен Мәжіліс төрағасы Елбасының биылғы жолдауында жүктелген барлық тапсырмаларды қаржыландыруға нақты қадам жасалғанын алға тартты. Тек бөлінген әрбір тиынды дұрыс пайдалану керек деді Нұрлан Нығматулин.
Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы, Астана