Қазақстан Ресей жанармайына уақытша шектеу қоюы мүмкін. Еліміздің Энергетика министрлігі Ресейден тасымалданатын мұнай өнімдеріне 3 ай мерзімге дейін ел аумағына кіргізуге тыйым салатын қаулы әзірлеген.
Бұл мәселе темір жол көлігі арқылы тасымалданатын жанармайға қатысты болып отыр. Қазір тиісті құжат қаралып жатқан көрінеді. Егер қабылданса, ресми жарияланған 10 күннен соң күшіне енеді.
Еске сала кетейік, Ресей жанармайын елге кіргізуге соңғы рет 2018 жылдың 26 тамызында 3 айға уақытша шектеу қойылған болатын. Ол кезде Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бұл әрекет нарықты тұрақтандыру үшін жасалды деген еді. Өйткені, шетелдік тауар отандық мұнай өңдеу зауыттарының өндірісін төмендетеді екен.