Шетелдік туристер елімізге келу үшін ақшалай төлем жасауы мүмкін

25.10.2018 22:15

Электронды виза енгізіп, авиабилет бағасын арзандату. Бүгін Алматыда сыртқы және ішкі туризмді дамытудың жобасы таныстырылды. Туризмнің қарыштап дамуына тұсау болып тұрған нендей кедергілер бар?  

Туризмді дамытуға арналған жаңа жоба мемлекеттік органдар мен туристік индустрия өкілдерінің қызу талқысына түсті. Мәдениет және спорт министрлігіндегілер туристердің емін-еркін қозғалуы үшін халықаралық стандарттарды енгізу керек дегенді алға тартады. Ал туристік бизнес өкілдерінің өз талап-тілегі бар.

«Бизнес өкілдері салықтан босату, жергілікті транспорттық коммуникацияларды мемлекет тарапынан жеткізу, субсидиялау, яғни ауылшаруашылық кешенін дамыту бағдарламасы, 20 жылға несие беру және басқа да бастамаларын ұсынған болатын. Бірақ кейбір министрліктер біздің бастамаларды қолдап отырған жоқ. Бүгінгі іс-шарада біз олардан конструктивті диалог күтеміз», – деді «ШҚО туристік қауымдастығы» ұйымының атқарушы директоры Серік ЖҮНІСОВ.

Туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді Президент Нұрсұлтан Назарбаев биыл Алакөл ауданына барғанда тапсырған болатын. Мемлекеттік бағдарламаның негізіне 10 туристік орын: Алакөл, Алматы облысындағы тау шаңғы курорты, Баянауыл, Балқаш, Каспий теңізі, Шалқар-Имантау аймағы, Щучинск-Бурабай курорттық аймағы енген. Аталған жерлерге жылына 3 жарым млн саяхатшы келеді екен. Енді алдағы алты жылда бұл санды 13 жарым миллионға жеткізу міндеті тұр. Вице-министрдің айтуынша, мұндай көрсеткішке жетуге әбден болады. Тек мемлекеттің мықты қолдауы қажет.  

«Авиабилеттерді арзандату бойынша Инвестициялар және даму министрлігімен жұмыс істеп жатырмыз. Әлемде kids go free деген жоба бар. Туристік маусымнан тыс кезде адамдар 12 жасқа дейінгі балаларын тегін алып жүре алады. Құжатқа осының бәрін кіргіздік. Ал авиабилеттердің бағасы керосин құнына тікелей байланысты. Мәселен, Франкфуртта керосин бағасы 600-700 АҚШ доллары болса, бізде 1 000 АҚШ доллары шамасында. Қазір Үкімет осы бағытта жұмыс істеуде. Біз отандық керосин өндірісін алға қойғанда ғана авиабилеттер бағасы арзандайды», – деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан ҚОЖАҒАПАНОВ.

Мемлекеттік бағдарлама жобасымен бірге туризм туралы заң жобасы да таныстырылды. Бүгінде 18 бапқа өзгеріс енгізіліп, жаңадан 4 бап қосылған.  

«Біз туристік салықты енгізуді жоспарлап отырмыз. Яғни, шетелдік туристер елімізге келу үшін төлем жасайды, ал бұл қаражат Қазақстанды, туристік өнімдерді ілгері дамытуға септеседі. Заң жобасын әзірлеу процесі оңай жүзеге асып жатқан жоқ. Даулы мәселелер де бар. Барлығын бизнес өкілдерімен, мемлекеттік органдармен келісу керек», – деді Туристік қызмет мәселелері бойынша заң жобасын әзірлеуші топтың жетекшісі Гүлнар ҚҰРБАНБАЕВА.

Вице-министр Ерлан Қожағапановтың айтуынша, жаңа заң мен бағдарлама қабылданса, еліміздегі туристік орындардың қолайлы болуына мүмкіндік туады. Ал туризмді дамытуға бағытталған екі жоба желтоқсан айында Парламенттің қарауына жіберілмек.


Тоғжан Жалғасбекқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы