|
12.10.2018 | 16:58
3115

Онлайн-әмиян қызметінің жойылуы электронды сауда жүйесін тұралатады – қауымдастық

Онлайн-әмиян қызметінің жойылуы электронды сауда жүйесін тұралатады – қауымдастық

Қазақстанда онлайн-әмиян қызметі тоқтатылса, сауда-саттықтың үштен бір бөлігі тұралап қалады. Отандық ғаламтор қауымдастығы елімізде осындай қауіптің бар екенін жасырмайды.

Естеріңізде болса, Ішкі істер министрлігі есірткі сатушылар электронды сауда жүргізу жүйесін өз арам пиғылында жиі қолданған соң, бұл сауда түрін жою керек деп мәлімдеген болатын. Дегенмен, қауымдастық өкілдері барлық сауда операциялары ашық және ақша аударымдары заңды дегенді алға тартады.  

Қалмұханбет Қасымов жасырын түрде жүргізілетін онлайн-әмиян жүйесін Қазақстаннан мүлдем алып тастау таңданыс еместігін, мәлімдеменің қаншалықты орынды екені туралы ой тастады. Электронды сауда жүйесін жоқ қылу – ғаламтордағы жедел қызметтен құр қалып, сату мен сатып алудан мүлдем айырылу дегенді білдіреді. Министрдің айтқаны тиісті құлаққа жетсе, еліміздегі коммерцияның бұл түрімен айналысатын 18 төлем ұйымы бірден өз жұмысын тоқтатады.

«Барлық төлем операциясын жүргізетін субъект заң бойынша қадағаланады. Егер де оның іс-әрекеті күмән тудырса, арнайы комитеттен керекті ақпаратты білуге болады. Демек, барлық төлемді қабылдайтын ұйымдардың жұмысы ашық әрі белгілі», – деді «Қазақстанның ғаламтор қауымдастығы» президенті Шавкат САБИРОВ.

Бірақ Ішкі істер министрлігінде барлығын керісінше санайды. Ведомствоның мәліметінше, жасырын төлем арқылы есірткі сатушылар мен қылмыскерлердің «қолы жүріп тұр». Бұл ақпаратпен халық қалаулары да келіседі. Олар Қазақстан сайттарында 800-ден артық синтетикалық тыйым салынған есірткі жарнамасын тауып, 500-ге жуығын жабуға сеп болған. Дегенмен, депутаттар бір мезетте электронды жүйені тоқтатуға болмайды дейді.  

«Мәселе басқада. Біз азаматтарымызды алаяқтардан қорғауымыз керек. Бірақ ғаламтор саудасынан бас тарту – мәселеден қашу деген сөз. Сондай-ақ, біз инновациядан, жаңашылдықтан өз бетімізше бас тартып отырмыз дегенді білдірсе керек. Бұл дұрыс емес», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Азат ПЕРУАШЕВ.

«Көптеген елдер ғаламтордағы қаржы операциясына қарсы. Биткоинды көбі құптамайды. Өйткені, біздің ел кіретін халықаралық ұйымдардың зерттеуінше, дәл осы жүйе арқылы ақшаның ізі жасырылып, терроризм қаржыланады», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Гүлжан ҚАРАҒҰСОВА.

Жас кәсіпкер Әлішер Әбдіраимов мәселе жіті зерттеуді қажет ететінін айтады. Онлайн-әмиян ғаламтор дүкендердің де жолын жабуы мүмкін. Өйткені, интернеттегі төлем қабылдау Әлішердің компаниясы сияқты бизнес жолын енді бастағандарға ыңғайлы. Бизнесмен ақшаны төлеудің бұл жүйесі жойылса, азаматтардың кезегі таусылмайтын банктерде шот ашып, комиссия төлеуге көп уақыт кететінін айтады.

«Меніңше, ақша салу жүйесін қатты қадағалау керек. Бірден төлемді тоқтату дұрыс емес деп ойлаймын. Біздің елде ғаламтор арқылы кәсібімен күнін көріп отырғандар көп. Бірақ қаржы құю жүйесін қолға алу керек», – деді ғаламтор дүкенінің иесі Әлішер ӘБДІРАЙЫМОВ.

Мемлекеттік кірістер комитеті ақша салу ісін қадағалауды қолға алмайтынын айтады. Мамандар өзге жолды таңдаған. Дәлірек айтсақ, онлайн-әмиян арқылы қаржы қабылдаған кәсіпкерге салық төлеуде жеңілдік беріледі.  

«Біздің заңнамада салық төлеушілер жеңілдік алғысы келсе, өз жұмысының қалай жүргенін ашық көрсетуі тиіс. Осылайша ешқандай жасырын, анонимді ақша аударуға жол жоқ», – деді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті басқармасы басшысының орынбасары Дина ҚҰСАЙЫНОВА.

Заң бойынша онлайн-әмиян арқылы анонимді ақша тек 100 мың теңге көлемінде аударуға рұқсат берілген. Тіркелудің қажеті жоқ, бірақ адам ұялы телефонын көрсетуі тиіс. Онсыз болмайды. Бұл кез келген заңбұзушыны тиісті органдар қажет кезде тауып алуға қауқарлы деген сөз. Сондықтан министрдің осындай мәлімдеме жасауы үлкен сұрақ тудырады. Бұл бастама құзырлы органның жұмысын жеңілдетуден басқа, оң өзгеріс әкелмейді.


Нұржан Сәдірбай, Ильзат Акчурин, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астана


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир