Шетелге кеткен қазақстандықтардың базалық және жасқа байланысты зейнетақы алуға құқығы бар ма?

Depositphotos
Depositphotos
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты ел азаматтары шетелге тұрақты тұруға көшіп кеткен жағдайда мемлекеттік зейнетақы алуға құқылы ма деген маңызды мәселеге нүкте қойды. Бұл істің қаралуына Шығыс Қазақстан облыстық сотының жолдаған ұсынысы мен жергілікті тұрғынның шағымы себеп болған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Шағым иесі Әлеуметтік кодекстің қазіргі нормалары оның конституциялық құқықтарын шектейді деп есептеген. Оның уәжінше, жауапты органдар заңды «мемлекеттік базалық және жасқа байланысты зейнетақы тек Қазақстан аумағында тұрақты тұратын азаматтарға ғана берілуі тиіс» деп түсіндіріп келген. Шағымданушы бұл талапты Ата заңның 14-бабы мен 28-бабының 1-тармағына қайшы келетін кемсітушілік деп тануды сұрады.

Істің мән-жайын және төлемдердің заңдық табиғатын егжей-тегжейлі зерттеген Конституциялық Сот азаматтардың пайдасына шешім шығарды. Сот төрешілерінің мәлімдеуінше, зейнетақы — адамның белгілі бір жасқа жетуіне және соған байланысты әлеуметтік тұрғыдан осал болуына орай берілетін қолдау. Сондықтан бұл төлем адамның қай елде тұрып жатқанына тәуелді болмауы тиіс.

Конституциялық Соттың негізгі шешімдері:

  • ҚР азаматтары үшін елде тұру міндетті емес: Сот Әлеуметтік кодекстің 196-бабы 1-тармағының талабын нақтылады. Оған сәйкес, Қазақстан азаматтарының базалық және жасқа байланысты зейнетақы алуы үшін ел аумағында міндетті түрде тұруы шарт емес. Егер азамат заңда бекітілген өзге де шарттарға (жасы, еңбек өтілі) сай келсе, оның зейнетақы алуға толық құқығы бар.
  • Төлемдерді тоқтату тек шетелдіктерге қатысты: Кодекстің зейнетақы төлемдерін елден тыс жерлерге көшіп кеткенде тоқтату туралы нормалары (202-баптың 2-тармағы және 204-баптың 3-тармағы, 2-подпункті) Конституцияға сай деп танылды, бірақ мұнда маңызды түзету бар. Шетелге көшу тек тағайындау кезінде «Қазақстанда тұру» талабы қойылатын тұлғаларға (мысалы, шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдарға) ғана ықпал етеді. Қазақстан Республикасының толыққанды азаматтары үшін бұл шектеу қолданылмауы тиіс.
  • Ережелерге өзгеріс енгізіледі: Зейнетақымен қамсыздандыру ережелерінің 5-тармағының бесiншi бөлiгi Конституцияға сай деп танылды, өйткені ол тек құжаттарды тексеру рәсімін реттейді. Дегенмен, құзырлы органға жергілікті жерлерде заңды екіұдай түсінуді болдырмау үшін аталған актіге нақтылаушы түзетулер енгізу ұсынылды.

Конституциялық Соттың бұл шешімі әділдікті орнатып, Қазақстан азаматының төлқұжаты адамның әлемнің қай нүктесінде жүргеніне қарамастан, мемлекет тарапынан әлеуметтік қорғалуына кепілдік беретінін дәлелдеді.

Оқи отырыңыз: Бітімгерлердің үшінші құрамы Голан жоталарына аттанды

Новости партнеров