Қызылордада уақыт 1 сағатқа кейін шегеріледі

11.10.2018 21:54

Қызылорда облысының сағаттық белдеуі табиғи уақытына сәйкес бір сағат кейін шегерілетін болды. Бұл туралы фейсбуктегі парақшасында Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы жазды, деп хабарлайды osken-onir.kz.

Айта кетейік, бұған дейін сенатор Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың атына осы мәселені көтеріп сауал жолдаған еді. Онда айтылғандай, Қызылорда, Қостанай, Ақтөбе облыстары бұрын бір сағаттық белдеуге тиесілі болған. Алайда, кейін Қызылорда мен Қостанай облыстары уақытты бір сағат алға жылжытты.

«Географиялық белдеу бойынша табиғи биологиялық уақыттан ауытқу халықтың денсаулығы мен көңіл күйіне, күнделікті тіршілігіне теріс ықпалын тигізіп, жылдар бойы қалыптасқан өмір сүру ритмін бұзады», – делінген депутаттық сауалда.

Зерттеулерге сәйкес мерзімінен тым ерте ояну созылмалы аурулардың асқынуына, қан айналымы жүйесі дертінің пайда болуына, қатерлі ісікке, суицидке, жол апатының көбеюіне, жаңа науқастардың туындауына әкеп соғуы мүмкін.

Сағаттық белдеуді ауыстыру қажеттілігі туралы қызылордалық қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев та үнемі айтып, жиі мәселе көтеріп келген болатын.