|
26.12.2018 | 17:55
14236

Астаналықтар қоғамдық көлікті жылы аялдамада күте алады

Астаналықтар қоғамдық көлікті жылы аялдамада күте алады

Қазақстанның солтүстік аймақтарында екінші күн қатарынан аяз сақталуда. Термометр бағандары кей жерлерде –30 градусты көрсетіп тұр. Ал Астанада республикалық маңызы бар жолдар жабылып, қала ішінде қосымша автобустар шығарылған.

Біз сөзге тартқан тұрғындар: «Аязда кеше үйде жаттық. Ешқайда шыққан жоқпыз. Көшеде жүру мүмкін емес. Автобустар да жоқ. Не істейміз қатып-үсіп…», «Кешегі суықтан ауырып жүрмін. Күн суық болып кетті», деп мұңдарын шаққандай болса, енді бірі: «Мұндай аязды көргенбіз ғой. Біз осы Ақмола обылсының адамымыз» деп жайбарақат түр танытқандай болысты.

Әрине, қақаған аяздан сақтанған көпшілік. Қоғамдық көлікті астаналықтар жылы аялдамада күте алады. Бірақ ыңғайлы павильондар қаланың барлық жеріне дерлік қойылмаған. Сондықтан шаһарға қосымша автобустар жіберілген. Онда азаматтар жылынып, керекті бағдарын күте алады.

«Біз сағат кешкі төрттен бастап аялдамаларға кезекші автобустарды қоямыз. Адамдар өз бағытына баратын қоғамдық көлікті күткен кезде сол кезекші қоғамдық көліктің ішіне кіріп, жылынады. Барлық жағдай жасалған. Негізінен, бұл акция жылы аялдамалар жоқ жерде өтеді», – деді «Астана ЛРТ» компаниясының қоғаммен байланыс қызметінің өкілі Әлия ЖАРҚЫНБЕКОВА.

Күні кеше Үкіметте премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жауапты министрлер мен әкімдерге жылу маусымында апатты жағдайлардың орын алмауын қатаң тапсырған еді. Бірақ Астанадағы жылу беруші мамандар қатты аязға ертеден-ақ дайындалғанбыз дейді.

«Ең суық күндері біздің ұжым тәулік бойы жұмыста. «Айкөмек» бағдарламасы арқылы тұрғындардан түскен барлық өтініштерді қабылдап, жұмыс істеудеміз. Бүгінде жылудан ажыратылған үйлер жоқ. Бәрі қалыпты. Олар біздегі екі жылу электр стансаларындағы алты қазандыққа қосылған», – деді «Теплотранзит» АҚ төрағасының бірінші орынбасары Сергей ГОЛЕВ.

Дегенмен, көліктері көшеде қалатын тұрғындар аяздың әлегін көріп жатыр. Темір тұлпары от алмағандар арнайы шақырумен келетін мамандар көмегіне жүгінуде.

«Өтініштер көп. Біз барып, көмектесеміз. Бұл жылда қайталанатын жағдай. Күніне біз 15 көлікті от алдыруға көмектесеміз. Автокөлік иелері бұл сұраққа қаттырақ назар бөлсе екен», – дейді автожөндеу сервисінің иесі Марат НАЗАРОВ.

Ал ауа райын бақылаушылар елде жақын арада күн жылынады деп болжайды. Себебі, Сібірден келген антициклон өзімен бірге аяздарды алып кетеді-міс.

«Циклонның шығыс бағытына жылжуына байланысты елімізде ауа температурасының жоғарылауы күтіледі, яғни аязды ауа райы әлсірейді. Біз қардың жаууын, кей жерлер де болуы және қатты оңтүстік-батыс желінің соғуын күтеміз. Сонымен қатар, кей жерлерде көктайғақ болады», – деді «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі Мөлдір САҒАДИЕВА.

Ал синоптиктер алдағы үш күнде Алматыда аздаған қар жауып, түнде 11-13 градус аяз, ал күндіз 1-3 градус күтілуде дейді. Дегенмен, оңтүстік астанада салқын ауа райы біраз уақытқа дейін сақталмақ.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир