Алматыда 1 жыл бұрын іске қосылған электронды ПИК порталына 2 мыңнан аса тұрғын үй тіркеліп үлгерді. Осылайша, 250 шақты пәтер иелері кооперативі ашық жүйеге көшкен. Тіпті, қазір тұрғындардан жиналған қаржының есебі мен өтініштер электронды форматта қабылданып жатыр. Пилоттық жобаға барлық кооператив қатысады. Тек тіркеу жұмыстары ұзақ болатындықтан, уақыт керек дейді мамандар.
Алматыда пәтер иелері кооперативін электронды жүйеге ауыстыруға 2 портал яғни, www.topksk.kz және www.e-home.kz компаниясы атсалысып жатыр. Мамандар егде жастағы қолданушылар үшін де оңай болуы үшін сайтты барынша қарапайым үлгіде жасаған. Тіпті, әлі күнге дейін қолдануды үйрене алмай жүргендерге тегін үйретуден де қашпайды. Тек кейбір ПИК өкілдері есепті жүктеуден қашқақтайтын көрінеді. Дегенмен, олардың барлығы кезек-кезек электронды форматқа ауысады.
«Порталға тіркелу өте оңай. Оны қолдану да аса қиындық туғызбайды. Өйткені, біз «Бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтіндей етіп жасадық. Сайт бойынша түсінбеушілік болса, бірден электронды пошта арқылы немесе хабарласуға болады», – деді «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ жобалар жетекшісі Талант БАСҚЫНБАЕВ.
Мамандар пилоттық жобаның жұмысы қазірдің өзінде нәтижелі екенін дәлелдей алды деп отыр. Себебі, тұрғындар үйде отырып-ақ туындаған мәселе бойынша электронды өтініштер тастай алады. Сәйкесінше, жауапты да портал арқылы алады. Бұл ашық, ыңғайлы әрі анағұрлым уақыт үнемдейді дейді жобаны қолға алған Алматы қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы.
«Енді берілетін өтініштер, арыздар қағаз түрінде емес, электронды түрде болмақ. КСК-лер тарапынан тұрғындардың алдында берілетін жыл сайынғы, тоқсан сайынғы есептер де электронды түрде болмақ», – деді Алматы қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Жандос ҚАЙЫРХАНОВ.
Тиісті басқарма 2019 жылдың аяғына дейін қаладағы 8 мың тұрғын үй мен оларға қызмет ететін 824 пәтер иелері электронды форматқа көшеді деп отыр. Қазір олармен 3 компания айналысып жатыр.
Жадыра Омаржан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы