Алматыда біраз жылдан бері құрылыс жұмыстары тоқтап қалған нысандар жаппай тексеріліп жатыр. Қазіргі таңда қалада дәл осындай 41 ғимарат бар. Ал 10 нысанның мәселесін шешуге қала әкімдігі көмектескен соң, құрылыс қайта жанданған. Оның қатарында 2 нысан жақында қолданысқа берілмек. Қалған 27 нысанның тағдыры қалай шешіледі? Қаланың көркін қашырған құрылыс нысандарына қандай шара қолданылады?
Бүгін Алматы әкімінің орынбасары Сұлтанбек Мәкежанов тиісті мамандардың басын қосып, оннан астам құрылыс компаниясының өкілдерін жиналысқа шақырды. Өйткені, қалада бел ортасынан тоқтап қалған, тұрғанына ең азы 5 жыл, ал ең көбіне 10 жылдан асып кеткен нысандардың ары қарайғы тағдыры әлі күнге дейін шешілмей келеді. Құрылысты салуды мойнына алған компаниялардың айтар жауабы бір. Сөздерінше, жұмыстың тұралап қалғанына қаржы жетіспеушілігі себеп. Сондай-ақ, қалада құрылысты заңсыз бастап алып, кейін құжаттары дұрыс болмай шыққандары да бар.
«Сіз сияқты елдің бәрі заңсыз сала беретін болса, онда қалада не қалады? Біз не үшін жүрміз? Біз тәрбиелі заманда өмір сүріп жатырмыз. Заңды бәріміз білеміз. Көзіміз ашық азаматтармыз. Барлығынан қазір талап етіп жатырмыз. Заңды орындаңдар. Сонда Үкімет те сендерге жақсы қарайды», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ.
Райымбек даңғылы бойында тұрған мына кафенің иесі осыдан 6 жыл бұрын бизнесін дөңгелетпек болып 3 қабатты мейрамхана кешенін салуды көздейді. Тек орта жолда қаражат жетіспей қалғандықтан, құрылыс бірнеше жылдан бері тоқтап тұр. Оның үстіне, 2 жыл бұрын нысанды заңсыз салып бастаған кәсіпкерге тиісті басқарма тексеру жүргізіп, сотқа берген. Істе жеңіліп қалған кәсіпкер 1,5 миллион теңге айыппұл төлеген. Енді өз еркімен аяқталмаған қосымша қабаттарды сүруі тиіс.
«Бұрын Алматы қалалық сәулет-құрылыс мекемесінен тексеру келгеннен кейін, солардың нұсқамасымен айыппұл төленетін еді. Айыппұл төленген соң жаңағы әкімшілік істі сотқа жолдайтын. Әкімшілік сот өз шешімін шығарғаннан кейін Алматы қалалық Сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы құжаттардың тізімін беретін. Сол бойынша заңдастыруға кірісетін едік. Бірақ бәрі, әрине, қаржы мәселесіне байланысты», – дейді мейрамхана қожайыны Еркінбек БИСЕМБАЕВ.
Алматыда осы тектес тағы 3 нысан мәжбүрлі түрде сүріледі. Алайда құрылысты салғандар не құрылысты жалғастыруға, не жермен-жексен етуге қаражат таппай отыр екен. Сондықтан сот орындаушыларының істі аяқтауына жылдаған уақыт кетеді. Ал Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мамандары әсіресе, коммерциялық нысандарды заң бойынша ғана салу керек екенін айтады.
«Сол себепті құрылыс салып бастағаннан бұл кісілерге нұсқама беріледі. Нұсқамада бәрі көрсетіліп жазылады. Құрылысты салу үшін қандай құжаттар керек. Қандай жағдайда болғанда құрылыс нысаны заңды болып салынып, заңды болғанда ғана ешқандай қиындықсыз тапсырылады. Осы тұрғыдан бәрін айтып түсіндіреміз», – деді Алматы қаласы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының орынбасары Бақыт ӘБДІЛОВ.
Алматыда ұзақ уақыт салынып жатқан 27 нысан бар. Олардың саны бұдан да көп болуы мүмкін еді. Қала әкімдігі араласқаннан кейін ғимараттың қызыл сызықта орналасуы, жер сілкінісіне шыдас беруі секілді мәселелері оң шешім тапқан.
«Бүгінгі таңда 10-нан астам құрылыс ғимаратының мәселесі шешілді. Бірлесе отырып күнделікті мониторинг жасаудың, күнделікті кестесін талқылаудың арқасында 10 нысанның мәселесі шешіліп, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде, 2 нысан өте қиындау обьектілер болған. Олардың мәселесін шешкен соң қазіргі таңда үлкен-үлкен көрікті нысандарға айналып келеді. Құрылысы аяқталып, қабылдауға тапсырылып жатыр», – деді Бақыт ӘБДІЛОВ.
Айта кетейік, заңсыз салынған нысандар соттың шешімімен сүріледі. Ірі көлемдегі айыппұлдан бөлек, сүру құрылыс компаниясы өз есебінін жүргізіледі. Сондықтан, шығынға белшеден батпас үшін мамандар қандай да бір құрылысты бастамас бұрын, рұқсат құжаттарын алу және нысанды уақытында тапсыру керек екенін айтады.
Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы