«Көзқарастарыңызды «Формула-1» жарысындағы көліктің дөңгелегін ауыстырғандай дереу өзгерте саласыздар». Пікірін аяқ астынан өзгерткен министрлік жетекшісі бүгін Нұрлан Нығматулиннен сөз естіді.
Парламент мәжілісінің төрағасы Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің заң жобалау жұмыстарына атүсті қарайтынын айтып, сынға алды. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәжілісмендердің назарына бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері жөніндегі заңжобасын ұсынды. Министр тауарды таңбалаумен айналысатын орталықтарды құру керек деді. Алайда, депутаттар тарапынан бұл жұмысты кәсіпкерлердің өздері жүргізуі қажет, қосымша делдалдардың құрылуы бизнеске салмақ түсіреді деген уәж айтылды.
«Егер таңбаланатын тауарлардың саны өссе, тиісті құрал-жабдықтарды сатып алу мәселесі туындайды. Алайда, оны барлық кәсіпкер сатып ала алмайды. Сол себептен де, Қаржы министрлігі аталған мәселені бизнес өкілдерімен талқылады. Олар тауарларды таңбалайтын жеке орталықтарды құруды ұсынды», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.
Министрдің бұл жауабы Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулинге ұнаған жоқ. Ол аталған заңға енгізілетін орталықтардың нақты қандай функцияны жүргізетінін министрліктер толыққанды анықтамағанын жеткізді. Нұрлан Нығматулин жұмыстарына салғырт қарап отырған ведомство басшылары орталық арқылы делдал құруды ұсынып отырғанын алға тартты. Бұған Тимур Сүлейменов артық делдалдар алынып тасталады деп жауап қайырды.
«Сіздер Үкіметте заң жобасын дайындаған кезде оның мәніне терең үңілмейтін сияқтысыздар. Тек Парламент заң жобасын талқылаған кезде депутаттар заңға енгізілетін өзгерістерге дәлелдер келтірген сәтте, сіздер «Формула-1» жарысындағы көліктің дөңгелегін ауыстырғандай, дереу көзқарастарыңызды аяқ астынан өзгерте саласыздар. Заңдағы негізгі нормаларға атүсті қарайсыздар. Біз бүгін оны қайта байқадық», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.