Биыл Алматыда 1 мыңға жуық қылмыс қызметтік иттердің көмегімен ашылған

Биыл Алматыда 1 мыңға жуық қылмыс қызметтік иттердің көмегімен ашылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматыда қызметтік иттердің көмегімен 900-ден аса қылмыстың беті ашылған. Олардың көбі есірткі саудасы мен ұрлық-қарлыққа қатысты болған. Иісшіл иттердің арқасында 50 келіден астам есірткі заттары тәркіленіпті. Кинологтардың сенімді серігі болған төрт аяқтылар қалай тәрбиеленеді?

Талда ілулі тұрған допты оп-оңай қарғып шығып ала алатын бұл иттің лақап аты – Ракета. Жасы үште. Қалалық Кинологиялық қызмет орталығында екі жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында көрсеткен нәтижесі де жаман емес екен. Бір өзі биылдың өзінде 50-ден астам қылмыстың ашылуына көмектесіп, 8 келіден астам есірткі заттарын тапқан. Иесі Еркебұланға адал. Тек соның ғана бұйырығына бағынып, дегеніне көнеді. Ракетаны күшік кезінен дайындаған кинолог төртаяқты қызметкерін өте сезімтал әрі жылдам дейді.

«Малинуа» деп аталатын бельгиялық овчарка. Ерекшелігі – бұл ит шаршамайды. Өте төзімді. Есірткі заттарын тез табады», – деді Алматы қаласы ПД Кинология қызметі орталығының инспектор-кинологы Еркебұлан САУАТАЕВ.

Кинологиялық орталықтағы жұмыс күні алдымен иттерді түгендеуден басталады. Әр кинолог өзіне тіркелген төрт аяқтыны тамақтандырып, тұратын орнын тазалайды. Одан соң иттерін қыдыру қалашығына апарып, бос серуенге жібереді. Содан кейін ғана әркім өз бағыты бойынша, яғни есірткі заттарын іздеу, жарылғыш заттарды іздеу, із кесу және иістерді зерттеу бойынша жаттығуларға кіріседі.  Төртаяқты «қызметкерлерді» шынықтырып алған соң, «адам жоғалды», «жарылғыш зат қойылды» деген сынды суық хабар түскен оқиға орындарына кетеді. Жалпы, орталықта 59 қызметтік-іздестіру иті болса, оның 9-ы есірткі табумен 5-еуі із кесу, қалғаны одорология, патрульдік қызмет және метрополитенге бөлінген. Кинологтардың айтуынша, мұндағы қызметтік иттердің осалы жоқ.

Лада деген лақап аты бар неміс овчаркасының осы орталықта жұмыс істеп жүргеніне 5 жыл болды. Негізгі міндеті – есірткі заттарын табу. Тек биылғы жылдың өзінде осы Ладаның көмегімен 13 қылмыс ашылған. Ал әр қылмысты ашқан сайын оған сыйлық ретінде ойыншық беріледі.

«Биыл қызметтік иттердің көмегімен 928 қылмыс ашылды. Оның ішінде, 35-і есірткіге қатысты болған. Қылмыстар криминалдық полиция желісі бойынша  ашылды. Атап айтсақ, кісі өлімі бойынша 8 факт, қарақшылық – 5 факт, тонау – 68 факт, ұрлық фактісі – 536 болған. 35 факті есірткіге қатысты, қалғаны әртүрлі қылмыстар санатына жатады», – деді Алматы қаласы ПД Кинология қызметі орталығы бастығының орынбасары Мақсұт ШӘЙМЕРДЕНҰЛЫ.

Орталыққа қызметтік иттерді таңдағанда 8 ай мен 2 жас аралығындағы күшіктерді іздей білу қабілетіне қарай іріктеп алады. Яғни, жаттығуға бейім, жылдамдығы мықты мақұлықтарды ғана жұмысқа дайындаймыз дейді кинолог Дидар Омаров.

«Полиция қызметіне сангвиник иттер керек. Жүйкесі де төзімді, қызметке де жарамды сол иттер. Бұл жерде бізде неміс овчаркасы, бельгиялық овчарка, лабрадор ретривер деген ит тұқымдары бар. Иттерді күніне екі уақыт құрғақ тамақпен тамақтандырамыз», – дейді Алматы қаласы ПД Кинология қызметі орталығының аға инспектор-кинологы Дидар ОМАРОВ.

Мұндағы қызметтік-іздестіру иттері 8-ден 10 жылға дейін жұмыс істейді. Уақыты келгенде оларды өз иелері үйіне алып кетеді екен. Себебі, бұл иттер кинологтардың қызметтік қаруы ғана емес, сенімді серігіне айналған.


Тоғжан Жалғасбекқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров