Алматыда Фариза Оңғарсынованың құрметіне ескерткіш тақта орнатылды

19.12.2018 22:02

Алматыда поэзия падишасы, мемлекет және қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың құрметіне ескерткіш тақта қойылды.

Мемориалды тақтайша қаладағы Шевченко мен Зенков көшесінің қиылысындағы өзі тұрған үйдің қабырғасына орнатылды.

Фариза Оңғарсынова – қазақ әдебиетіне өршіл рухты өлеңдерімен өзіндік жаңа леп әкелген ақын. Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен, «Құрмет» белгісі, «Парасат» ордендерімен марапатталған. Іс-шара аясында ақынмен әдебиет әлемінде бірге қалам тербеген әріптестері, туыстары өз естеліктермен бөлісті.

«Тақта орнатылған үлкен үй – Фариза Оңғарсынова дейтін ардақты қазақ қызының талай-талай рухани кештерін өткізген, үлкен туындыларын дүниеге әкелген, достарымен бірге арқа-жарқа болған, әдебиеттің абыройын көтерген, ұлттың рухына қызмет еткен  қасиетті, қастерлі төрі. Біз үшін бұл аса қадірлі, қастерлі сәт», – деді ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрлан ОРАЗАЛИН.