Министр тарихи ескерткіштер мен нысандарды қорғау шараларын ұсынды

Министр тарихи ескерткіштер мен нысандарды қорғау шараларын ұсынды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бұдан былай археологиялық ескерткіштер мен тарихи нысандар жаңаша қорғалатын болады. Бүгін мәжілісте жаңадан әзірленген заң жобасы таныстырылды.

Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстанда артефактілер тиісті деңгейде қорғалмаған дегенді алға тартады. Әлемнің алдыңғы қатарлы тарихи орталықтары мен мұражайларын жіпке тізген министр болашақта маңызды мекендерден қосымша қаржы табуға болатынын айтты. Министрдің айтуынша, ұлттық символикалық құндылықтарға жоғары деңгейдегі туристік қызығушылықты арттыруға мүмкіндік бар.

«Ұсынылып отырған құқықтық шара еліміздің түкпір-түкпірінде жүргізіліп келе жатқан археологиялық және ғылыми реставрациялық жұмыстарды бір жүйеге енгізіп, ретке келтіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ұсынылған норма жұмыстарды екі жерден қосарлана қаржыландыруға жол бермейтін болады. Тарихи мәдени мұра обьектілерін қорғау және пайдалану саласындағы қызметті жетілдіруге бағытталған негізгі концептуалдық шараларды атап өттім. Заң жобасын іске асыру аясында 17, соның ішінде, 5 заңға тәуелді актілер әзірленеді», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ.

Жаңа заңда жүргізілетін археологиялық жұмыстар тәртібі де назардан тыс қалған жоқ. Өйткені, жүргізілетін археологиялық-реставрациялық жұмыстардан кейін тарихи мәдени мұра нысандарының жойылып кету қаупі басым көрінеді. Енді мұндай жұмыстар үшін арнайы нормалар белгіленіп, ол нормалар сақталмаған жағдайда қатаң жаза қолданылмақ.

Айта кетейік, қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздегі киелі орындардың тізімі жасалуда. Олардың мәртебесі мен маңызы құқықтық тұрғыдан анықталады.  

«Тарихи мәдени мұра обьектілерін қорғау және пайдалану туралы заң жобасының негізгі нормалары қамтылды. Ендігі кезекте оған ілеспе заң жобасында қарастырылған нормаларға тоқталып кетуге рұқсат етіңіз. Бұл ретте Қазақстан Республикасының қолданыстағы 2 кодексі мен 3 заңына өзгерістер енгізу қарастырылып отыр», – деді Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ.


Новости партнеров