Алматыда «Көкжайлау» курортының құрылысына қатысты қоғамдық тыңдалым өтті

05.11.2018 23:03

Көкжайлау курортына қатысты ашық пікір алаңы қыза түсті. Келешек демалыс орнының құрылысына арналған қоғамдық кеңес жобаны қолдаушыларды мен қарсы тараптың басын қосты. Мақсат - ортақ пайымға үндеу. Жоба жетекшілері бастаманың әлеуметтік маңызын айтудан жалықпады. Туризмнен түсер табысты еселеу үшін экономикасы Қазақстаннан да төмен елдер сүбелі жобаларға білек түріп кірісіп жатқанда, бұл бастамаға бізде неге қолдау аз? Қарсылық көрсетіп, қабақ шытатындардың у-шуына нүкте қойылмауына не түрткі?  

Төрт жылдан бері қаузалып жатқан мәселе талқыланар ашық алаңға магистр Дәурен Кәрімов те келіпті. Өйткені, тақырып өзекті. Көкжайлаудағы курорт құрылысы аса қажетті деген қала тұрғыны жалғыздың үні шықпас деген ұранмен, демалыс орнын салушылардың бастамасын қолдауға келдім дейді.

«Көкжайлау» курорты біздің заманауи Алматыға керек. Сондықтан мен қолдаймын, таңғы ұйқымды қиып, тыңдауға келіп отырмын», – деді қызмет көрсету саласының магистрі Дәурен КӘРІМОВ.

Дәурен секілді, «Көкжайлау» тау-шаңғы курортының құрылысына бей-жай қарамайтын жобаны жақтаушылар да, сынаушылар да өз ойларын ортаға ашық жеткізу үшін жиналды. Бас қосуда демалыс орнының соңғы техникалық негіздемесі көптің алдында тағы да пысықталып, тәптіштеп түсіндірілді. Алғашында курорттың құрылысына деп қарастырылған жер телімінің 100 гектары қайтадан «Іле Алтау» ұлттық паркіне қайтарылғаны айтылды. «Флора мен фауна әлемі түбегейлі құрып кетеді» деген экологтардың қаупі негізсіз екені алға тартылды. Демалыс орнын салу үшін 22 мың көшет қырқылады деген бастапқы болжамға қарағанда, қазіргі жоба бойынша бұл көрсеткіш 17 есеге қысқарған. Сәйкесінше, 22 гектар аумақты алып жатқан ағашты емес, 6 гектар жер телімінде ғана жасыл желек оталады. Есесіне, бір талдың орнына 10 көшет отырғызылады.

«Көкжайлау» курортының аумағы Алматыдағы тау кластерінің небәрі 10 пайыз аумағын қамтиды. Демалыс орны төрт мезілде де жұмыс істейтін, әлеуметтік жоба болмақ. Жаңа жоспар бойынша, ғимараттар аумағы 13 есе азайтылды. Шаңғы трассасын 2,6 есеге, аспалы жолды 2,7 есеге қысқарттық. Қазір айналасы қоқысқа толы жайлауда ешқандай қауіпсіздік шаралары сақталмаған. Тіпті, алғашқы медициналық жердем көрсететін пункттер мен келушілер үшін дәретханалар қарастырылмаған. Сондықтан Көкжайлаудың келбетін айшықтайтын жаңа жобаны жүзеге асыру кезек күттірмейтін мәселе», – деді Алматы қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Мақсат ҚИҚЫМОВ.

Соңғы жобаға қатысты тілге тиек етілген жаңалықтарға жиынға келушілердің кейбірі құлақ асқысы да келмеді. Осылайша, жиын жинақы емес, байбалам салушылардың «базарына» айналғандай болды.  

«Көкжайлау» көпке қажет курорт дейді көпшілік. Әуелі, әлеуметтік жоба елдің салауатты өмір салтын қалыптастыруына себепші болмақ. Болашақ тау-шаңғы спортынан әлем чемпионын даярлайтын жаттықтыру алаңына айналмақ.

«Көкжайлау» тау-шаңғы курорты қалаға қажет. Ол зауыт емес, фабрика емес. Таудың басындағы тек санаулы адамдарға ғана арналған жабық орта емес. Бұл халыққа, елге, қоғамға, қаланың туризм бағының дамуына негізделген үлкен жоба. Тағы бір нәрсені ұмытпау керек. Осы қаланың балалары да, ауылдан қалаға келген балалардың да шаңғы тебуге құқылары бар», – деді Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Дәурен БАБАМҰРАТОВ.  

«Көкжайлау» курортының бас жоспары соқырға таяқ ұстатқандай ұғынықты көрсетілген деген қоғам белсенділері бұл бастама соңына дейін сәтті болады деген сенімде. Әлеуметтік жобадан жұрттың жаппай ұтпаса, еш ұтылмайтынын да алға тартуда. Дамыған елдерде халықтың кем дегенде, 90 пайызы шаңғы спортымен шұғылданады екен. Ал Алматының көрсеткіші 1 пайызға да жетпейді. Осыны да ескерген зиялы қауым шаңғы тебу тек бай-бағландар үшін ғана емес, қарапайым халыққа да қолжетімді болуы қажет дейді.  

«Қоғамның қысымы, қоғамның пікірі естілген сияқты. Өзіме ең алғаш кезде ұнамағаны – курорт айлағында көптеген үйлер, коттеждердің құрылысы көзделеді деген еді. Соның қазір жойылғанына өз басым қуанып отырмын. Шын мәнінде де, ол қоғамдық үлкен алаң болуы керек. Әлемде де көптеген курорттардың бар екенін білеміз. Олар да осындай таудың ішіне салынған. Оған да көптеген адам барады. Осының бәрі ескеріліп, жобаның экологиялық басқа да тұрғыдан жақсы бір деңгейге жеткеніне қуанып отырмын», – деді саясаттанушы Айдос САРЫМ.

Ал қазір шаңғы тебетін бірден бір орын – Шымбұлақтың өзі күніне 10 мың қонақты қарсы алуға қауқарлы. Алайда, келушілер көбейсе қызмет көрсету сапасы төмендеп кетуі мүмкін дейді жиындағылар. Сондықтан Шымбұлақтан басқа курорттың бой көтеруі негізсіз мәселе емес.

«Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты жылына 600 мың келушіні қабылдайды. Оның 200-і шаңғы тебушілер. Бұл көрсеткіш жыл сайын 15-20 пайызға артып жатыр. Курорттың күніне 10 мың адамды қабылдауға шамасы келеді. «Ақбұлақ» демалыс орны алыс, «Табағанда» шаңғы тебу мүмкіндігі аз. Сондықтан Көкжайлаудың салынуы аса қажет», – деді «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының директоры Ержан ЕРКІНБАЕВ.

Жиынға келгендердің көбі демалыс орнының жобасын бұған дейін бірнеше рет қайта жасағаннан кейін, бұл бастаманың соңғы нұсқасы көптің көңілінен шығады деген үмітте. Қалталылардың коттеджі, ас та төк тамақтанатын орындар каптамайды. Ал курорттың бой көтеруіне үзілді-кесілді қарсы жақ жоба жетекшілерінің айтқан айқын жауабы мен мардымды мысалдарына қолдарын сілтеп, шу шығара берді. Сонда да «Көкжайлауды» қолдайтын тарап соңына дейін ұлтқа ұтымды жобадан қол үзіп қалмайық деумен болды.

«Бұл тау-шаңғы курортының құрылысын тездетіп бастау керек. «Медеу» мен «Шымбұлақты» салар кезде, ешқандай қарсылық болмаған. Неге енді дәл Көкжайлауға келгенде қарсы шығатындар табылған. Осы мәселенінің көтеріліп келе жатқанына 4 жыл болды. Бұл уақытта өзге елдерде қаншама тау-шаңғы курорты салынып бітті. Ал біз дауласып әлі жүрміз. Кірісетін уақыт жетті. Жақсы жобаны ұқпайтындардың қылығын жалған ұйықтап жатқандарды оятумен тең дер едім», – деп пікір білдірді кинорежиссер Ермек ТҰРСЫНОВ.  

Курортқа баратындарың 60 пайызы – алматылықтар, 20 пайызы – өзге өңірдің тұрғындары болса, қалған 20 пайызын шетелдік туристер құрайды деген болжам бар. Бастысы, ресторан мен кафенің саны санаулы болып, 100 адамға ғана шақталған бір ғана қонақүй салынады. Сырттан келушілердің тұрақтайтын жері қаланың ішінде болғанын құп көрген бастамашылдар шаһардың орталығынан демалыс орнына жарты сағатта жетуге болатынын алға тартуда.

Әйкерім Ердәулетқызы, Қанат Кигізбаев, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы