Қаладағы №106 бағыт «Әлмерек» ықшамауданына дейін ұзартылады, деп хабарлайды bnews.kz.
Жоғарыда аталған елді мекен тұрғындарының өтініші бойынша Алматының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы осындай шешім қабылдаған.
«№106 бағыт Түрксіб ауданының әлеуметтік маңызы бар объектілерін қамтиды, бұдан былай ықшамаудан тұрғындары үшін көлік қолжетімді болады. Қазіргі кезде жаңа құрылыс тұрғындарына қатысты қосымша аялдама пункттерін ашу қарастырылуда», - деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері.
Сондай-ақ, №86 бағыт «Ахметов көшесі» деп аталатын соңғы аялдамаға дейін ұзартылған. Автобустар қозғалысы өзгерген сызба бойынша биылғы жылдың 12 қарашасынан бастап жүзеге асады.
Еске салсақ, Алматыда көлік реформасы аясында жаңа №205 бағыт ашылған еді. Бұл бағыт бойынша 18 метрлі төмен еденді 30 жаңа автобус жүруде.
Алматыда биылғы жылдың соңына дейін жаңа көлік үлесін 87%-ға дейін жеткізу жоспарланған.