Алматы облысындағы түрмелерде биыл 7 адам өлген

21.12.2018 22:08

Асқазан тұсына темір тығып, өздерін өлтірмек болған сотталушылардың өміріне қауіп жоқ. Алматы облысының Заречный ауылындағы Ла155/12 түзету мекемесінің басшылары болған оқыс оқиғаның себебін түсіндіріп, тілшілерді түрменің ішкі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Түрме басшылары өздеріне қол жұмсаған үш сотталушының әлімжеттікке бола осындай әрекетке бардық дегені қауесет дейді. Олар күн суықта қыстық киімнің берілмегеніне қарсылық білдірген.

«Ұрды, мазақ қылды, намысқа тиді және бұл аталған мекеме қызметкерлерінің абыройы. Менің өліміме Ла155/12 мекемесінің әкімшілгі кінәлі» - деген сөздерді кеуделеріне кесіп жазып, оны таратып үлгерген сотталушылар қазір Қапшағай қалалық ауруханасында жатыр. Түрмедегі әлімжеттікке шыдамай, өзімізді өлтірмекші болдық деген Дмитрий Артюшенко, Жәнібек Байбосын мен Дәурен Рысханның әрекеті 16 желтоқсан күні күндіз орын алған.

«Түрменің әкімшілігі сотталушыларды ұрады. Сондықтан мен прокуратураға, полицияға бірнеше рет арыз жазғанмын. Бірақ ешқандай шара қолданбағандықтан менің азаматтық некедегі күйеуім осындай ауыр әрекетке барып отыр», - дейді сотталушы Д.Артюшенконың азаматтық некедегі жұбайы Ксения.

Қазір тыйым салынған заттардың қапастағылардың қолына қалай түскені анықталып жатыр. Ал түрме басшыларының мәліметінше, ұрып-соғу, күш көрсету сынды әлімжеттік мекеме қабырғасында бұған дейін мүлдем болмаған. Сотталушылар сорақы әрекетке тек қыстық жылы киімнің берілмеуіне бола барды дейді түрме қызметкерлері.

«Оларға ескі қыстық киімдер берілген. Өйткені сырт киімдері тозбағандықтан біз жаңасын бере алмаймыз. Жалпы, сотталушыларға киімнің жетіспеушілігі бар. Ол проблема қазір шешіліп жатыр», - дейді Алматы облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті ЛА155/12 мекемесі басшысының міндетін уақытша атқарушы Алексей ОРИЩЕНКО.

Адам өлтіріп, 16 жылға сотталған жігіттің бірі – Мақсат Тұрғанжанұлы. Ол жазасының 8 жылын өтеген.

«Елдегі талай түрменің темірінен телміріп қарадым. Үйім Талғардың Тұздыбастау ауылында. Анам мен екі балам күтіп отыр. Бөлме жылы, таза. Тек түрме әкімшілігі тыныштық берсе, басқасына төземіз ғой», дейді ол.

Жазасының әлі жартысы қалған жігіттің айтуынша, түрмедегі тағы бір проблема – тамақ сапасының тым нашарлығы. Айтуынша, туыстары үйлерінен әкелген тамақ өздеріне толық тимейтін көрінеді.

«Бәрі нашар. Тамақты аз береді. Ұрып-соғу, жүгірту деген заңда жоқ қой. Барлығы заң аясында жүргізілсе дейміз. Мінезіміз сәйкес келмей қалады, ерегісіп қаламыз, төбелесіп қаламыз. Ондай жағдайлар боп тұрады. Ондай түрме түгілі, бостандықта да болады емес пе?», - дейді жазасын өтеуші Мақсат ХАПИЗОВ.

«Тамақ беруі расымен де үлкен проблема. Маған бұл жердің тамақтандыруы мүлдем ұнамайды. Әрине, бұл жер демалыс орны емес. Бірақ жалға алушыларды ауыстыру мәселесімен айналысып жатырмыз. Өйткені, тәулігіне бір сотталушыға 680 теңгенің тамағы беріледі. Алайда, ол тиісті деңгейде орындалмайды», - дейді Қамауға алынғандардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша коалициясының құқық қорғаушысы Марианна ГУРИНА.

Ауыр жаза арқалағандар түзету мекемесінің осыдан 2 ай бұрын тағайындалған жаңа басшысы жағдайды жақсартар деген үмітте. Ал 6 диаметрлік темірді асқазандарына тыққан жігіттердің жағдайы қазір қалыпты. Жалпы, Алматы облысында алты түрме болса, солардың төртеуі осы Заречный ауылында орналасқан. Ал 1500 адамға арналып салынған ЛА155/12 мекемесінде қазір 846 сотталушы жазасын өтеп жатыр. Олардың 173-і түрме ішінде жұмыс істейді. Жалпы, Алматы облысында 3200-ден астам адам жазасын өтеп жатыр. Биыл әртүрлі себептермен 7 сотталушы көз жұмған.

Әмірболат Құсайынұлы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы