Жасанды сұлулық құрбандары: елімізде пластикалық отаның қай түрі ерекше сұраныста

26.10.2018 23:08

Жасанды сұлулыққа құмартқан тағы бір құрбан. Алматыда төсінің көлемін өзгертемін деп қайтыс болған 30 жастағы Лаура Ізбасароваға қатысты оқиғаның мән-жайы әлі тексеріліп жатыр. Ал іш майын алдырам деп ажал құшқан Дана Агамурадованың өліміне қатысты сот әлі жүріп жатыр. Пластикалық операциядан көз жұмғандардың өміріне кім жауапты? Мұндай отаға кімдер жүгінеді және қазір қандай пластикалық оталар  сұраныста?  

Пластикалық ота үстеліне өз еркімен жатқан арудың бірі – танымал дизайнер Әсем Нұрсейітова. Әшекей бұйымдар жасаумен айналысатын келіншек тек табысты кәсіпкер ғана емес аяулы жар, үш баланың анасы. Тұрмысқа шығып, қатарынан бірнеше бала босанған соң төсін бұрынғы қалпына келтіргісі келіп, операция жасатқан.

«Маммопластика ойымда бұрыннан болған. Үш бала емізгеннен кейін кеуденің пішіні өзгереді. Сондықтан оны қалпына келтіру үшін және өзімде бір сенімділік пайда болуы үшін осы маммопластикаға келдім. Өкінбеймін, керісінше өзімнің құрбыларыма, туыстарыма неге бармасқа, неге жасамасқа деп айтып жатамын», – дейді дизайнер Әсем НҰРСЕЙІТОВА.

Әсемнің айтуынша отадан қорқудың еш қажеті жоқ. Ең бастысы, мықты дәрігер мен жақсы клиника таңдай білу керек дейді. Мамандардың пікіріне құлақ ассақ, отаның сәтті өтуі расымен де, дәрігерге тікелей байланысты.

«Қазақстан пластикалық хирургиясындағы ең мықты деген хирургтер Ресей пластикалық конструкциялық хирургтар қоғамының тізімінде тұрады. Ол жерде барлық дәрігерлермен және олардың жұмыстарымен танысуға болады. Негізі, өзін сыйлайтын маман алдына келген адамның бәріне операция жасай бермейді. Клиникаға келіп, ота жасатуға ниет білдірген адамға бұл ота түрі қажет пе, қажет емес пе, соны анықтап аламыз. Белгілі себептермен қажет емес деп шешсек, ота жасалмайды», – деп түсіндіріп өтті пластикалық хирургия және косметология клиникасының бас дәрігері Данияр УРМУРЗИН.

Косметологиялық операцияға баратындардың 70-80 пайызы – қыз-келіншектер. Тіпті, тәнімді өзгертемін деп өмірімен қоштасқандар да бар.

«2016 жылдың қаңтарында Украина азаматы Агамурадова Дана Анабайрымқызы Ольга Рубас клиникасына барып, ішіне және басқа жерлеріне липосакция жасау операциясын жасатқанн. Ота аяқталған соң бірнеше сағат өткеннен кейін Агамурадова қайтыс болды. Ол бұл операцияға дәл осындай ота жасатқан құрбысының кеңесімен барған екен», – дейді адвокат Ақмарал БҰРАЛХИЕВА.

Жан тәсілім еткен Дана Агамурадованың артында бір қызы қалған. Қорғаушысының айтуынша, ол ота үшін 800 мың теңге төлеген. Бұл қаржы Агамурадованың отбасына қайтарылмаған. Қылмыстық істің созылып келе жатқанына екі жыл болды. Ал психологтар пластикалық отаны өзіне сенімсіз адамдар жасайды дегенді алға тартады.

«Мен бір нәрсені байқадым, адам біріншіден, өзіне сенімсіз болады. Іштей сенімсіздіктің салдарынан әйтеуір, бір ізденіске түседі. Қалай да болса бір реакция жасап, стимул тудырып, өзінің бойынан бір әрекет жасағысы келеді. Соның салдарынан адам бет-әлпетін өзгертуге тырысады. Адамның өзі ойлайды сыртқы келбетімді өзгертсем, ішкі өмірім де өзінен өзі өзгереді деп. Мұның бәрі бекер сөз», – деді психолог Ләззат КӨМЕКБАЕВА.

Бүгінде қарттықты мойындағысы келмейтіндер мен сұлулықты сүйетіндер қатарында ерлердің саны да көбейіп келеді екен. Ең көп сұраныстағы операциялар – блефаропластика. Оны «еуропалық қабақ синдромы» деп те атайды. Яғни, көзге қатпар салу. Одан кейін төсті тарту мен көлемін өзгерту. Құлақ пен мұрынның пішінін өзгертуге де келетіндер көп. Беттің әжімін тарту да ең сұраныстағы әрі қымбат оталардың бірі. Біреулер қарттығын жасырса, енді біреулер әжімге жетудің өзі бір бақыт деп санайды. Дегенмен, пластикалық ота бүгінде сәнге айналды. Алматыдағы бір ғана емхананың өзінде аптасына 10 адам көзіне қатпар жасатса, 5-6 адам төсінің көлемін өзгерту үшін пышаққа түседі екен. Бірақ отаның сәтті болатынына ешбір дәрігер кепілдік бермейді.


Тоғжан Жалғасбекқызы, Ялкунжан Ашимжанов, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы