Алматы зообағының келушілері маймылдардың қысқы қонысын тамашалай алатын болды

Алматы зообағының келушілері маймылдардың қысқы қонысын тамашалай алатын болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы зообағындағы приматтар қысқы қонысқа көшті. Жаңартылған мекенде жануарларға барлық жағдай жасалған. Ал келер жылы қасқырлар, аюлар, қар барысы жаңа мекенмен қамтылады.  

Алматы зообағындағы 11 ғимарат қысқы маусымға толықтай дайын. Онда аңдарға ғана емес, келушілер үшін де ыңғайлы жағдай қарастырылған. Ғимарат ішіндегі жағымсыз иіс уақыты тазартылып, жылулық орташа түрде сақталады.

Хайуанаттар бағының «Приматтар» бөліміне биылғы жылы Франция мен Чехиядан лемурлар сыйға келген. Мұндай жануар зообаққа алғаш рет әкеліпті. Ал адам тәріздес маймылдың дүниеге келуі күтпеген тосынсый болды дейді мамандар. Қазіргі кезде ол әлі тамашалауға қойылмаған. 2004 жылдан бері қыс мезгілінде бұл бөлімді тамашалауға мүмкіндік болмаған. Биылғы жылы жөндеу жұмыстары жасалып, әдемі әрі жылы бөлмелермен қамтылған. Сонымен қатар, қолқаны алатын жағымсыз иіс толығымен тазартылған.

«Бұрын бұл жердің торлары, отыратын тұрақтары тар болатын. Қазір отыратын тұрақтардың барлығы үлкейтіліп, жан-жағының бәріне жақсы ойыншықтар қойылып, арқандары, отыратын орындары, мына сатыларға дейін жасалды, бұлар жануарлардың күнделікті қозғалыста болуы үшін жағдайлары жақсы болуы үшін атқарылған жұмыстар», – деді «Алматы хайуанаттар бағы» приматтар бөлімінің меңгерушісі Шолпан ӘБДІБЕКОВА.

19 жасар Аружан мен 21 жастағы Лалу есімді пілдер де еркін әрі жылы мекенге орналастырған. Пілді күтіп-баптаушы келушілерге оларды тамақтандыруға көмектеседі. Жөндеу жұмыстары барысында мұндағы желдету күшейтіліп, бөлме жылумен қамтылған.

«Міне, бізге жылы еден жасалды. Келушілер үшін қосымша желдету жұмыстары қойылды. Барлығы еуропалық стандарттар бойынша жасалынды. Мұнда бізге балалар д, мүмкіндігі шектеулі жандар да келеді. Қолдарымен пілдерді тамақтандырады. Біз адамдармен байланыс орнатуға тырысамыз. Олар пілді өте жақсы көреді. Екі жыл бойы балалармен қарым-қатынас жасауға арнайы дайындалды», – деді «Алматы хайуанаттар бағы» қауіпті жануарлар күтімімен айналысатын кипері Григорий БЕРЕСНЕВ.

Жөндеу жұмыстары жүргізілген бөлімдер қатарында «Таңсық жануарлар» бөлімі де бар. Мұнда келушілер қыстыгүні де аз болмайды екен. Енді мысықтар мен жыландарды, крокодилдерді, тасбақаларды тамашалауға кез келген ауа райында баруға болады. Осы бөлімдегі рекордшы Сандра атты жылан – Қазақстандағы ең ұзын жорғалаушы болып тұр. Ұзындығы 5 жарым метрге жуық. Бөлім іші жаңа кейіпке енген. Экзотариум ішіндегі әйнектер ауыстырылып, қабырғалары түрлі түсті бояумен сыланған. Әрбір ұяшықта бірыңғай стильде ақпарат жазылған. Ал көктемге қарай аюлардың, қар барысы мен қасқырлардың тұрақ мәселесі шешілмек. Құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Бұрынғыдай тар темір торлар үлкен аумаққа алмастырылмақ.


«Аюлардың жағдайларын жақсарту осы валерді салып жатырмыз. Бұл терең салынған валер. Ішкі аумағы кең. Аюларымыз соның ішінде өздерін еркін ұстап, еркін өмір сүреді деп ойлаймын», – деді «Алматы хайуанаттар бағы» даму бөлімінің меңгерушісі Ақжами РАХИМОВА.

Хайуанаттар бағының қызметкерлері жыл сайын зообаққа келушілердің саны артып отырғанын айтады. Десе де, қыс мезгілінде барлық жануарларды көруге мүмкіндік болмайды. Мәселен, біраз құстар бұл мезгілде өздерінің қысқы ұяларына жөнелтіледі.


Гүлшырын Серікқызы, Рашид Шүкүрәлиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров