Алматыдағы медицина мен білім саласы толықтай электронды форматқа ауысады. Жауаптылар жемқорлық деректерінің осылайша азаятынына сенімді. Ал бүгінде қаладағы жұмыс істеп тұрған жүйелерді Мемлекеттік қызметі істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев өзі тексерді.
Биыл ауруханалар мен емханалардан алматылықтар 5 миллионнан аса қызмет алған. Олардың 80 пайызы электрондық форматта беріліпті. Бүгінде 1,5 миллион азаматта электронды денсаулық паспорты бар. Олар мобильді қосымша арқылы дәрігер қабылдауына жазылады немесе үйге шақырады. Осындай технологиялық шешімдердің арқасында денсаулық сақтау мекемелері ашық жұмыс істейді. Жоспарда бейнебақылау арқылы қабылдау, тіркеу бөлімдерін бақылау, бас дәрігерді қадағалау кеңесінен алып тастау шаралары тұр. Сонымен қатар, шағын дәрігерлік амбулатория мен ішкі аудит жүйесі құрылуы мүмкін.
Цифрландыру білім саласын да айналып өтпейді. Қаладағы барлық білім беру мекемелерінде электронды күнделік жүйесі енгізілген. Оны қазір 400 мың бала мен ата-ана қолдануда. Ал балабақша, бірінші сынып және колледждердегі орындар электронды жүйе бойынша беріледі.
Білім саласындағы барлық қызметтердің тек жартысы ғана электронды түрде жүзеге асып жатыр. Келер жылы жағдай басқаша болмақ. Яғни, барлығы сандық форматқа ауысады.
«Біздің алдымызда тұрған міндет – тұрмыстық жемқорлықты жою. Сол кезде алматылықтардың өмірі жеңілдейді. Қазір қаладағы іске асырылатын қызметтердің бестен бір бөлігі білім саласына тиесілі. Бұл дегеніміз, 37 мемлекеттік қызмет, оның 18-і электронды түрде берілуде. Келер жылдың бірінші тоқсанында саладағы барлық қызмет түрі адами факторға емес, сандық форматқа негізделеді. Бұл жемқорлықты жоюға септеседі», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Бұл жаңашылдықты еліміздің Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы да қолдады. Айтуынша, Алматы қаласы цифрлық технологияларды енгізу бойынша көш бастап келеді.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы енгізілгеннен кейін басымдықты автоматтандыру мен цифрландыруға беру керек. БҰҰ-ның электронды үкімет индексі бойынша Қазақстан көш бастап тұр. Бұл ретте Алматы қаласын ерекше айта кету керек», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик ШПЕКБАЕВ.
Оң өзгерістерді сандар да дәлелдеп тұр. Соңғы екі жылда жемқорлық деректері айтарлықтай азайған. Былтыр 18 пайызға, биыл 8 пайызға төмендеген. Ал алдағы 3 жылда халық көп жиналатын орындардың қауіпсіздігін мыңға жуық бейнекамера бақылайды. Қалалық Полиция департаменті көше қиылыстарында 142 бейнетіркеуіш нүктелерін орнатпақ. Бүгін Алик Шпекбаев цифрлық технологиялар енгізілген осындай бірнеше нысанды аралады. Ал жыл соңына дейін барлық тәртіп сақшылары электронды хаттамаларды толтыру үшін планшеттермен қамтылады. Барлық шара полицейлердің арасындағы жемқорлықты азайту үшін де енгізіліп жатыр. Дегенмен, соңғы 3 жылда пара алған 700 тәртіп сақшысы қызметінен қуылған.
Алматының транспорт холдингінде болған Алик Шпекбаев мекеменің толықтай сандық форматта жұмыс істейтініне көзін жеткізді. «Оңай» жүйесінің арқасында көлеңкелі экономикадан қыруар қаржы шығарылды. Қазір айлық айналым көрсеткіші орта есеппен миллиард 800 миллионды құрап отыр. Жолаушылар ағыны да күн сайын 20 пайызға артуда. БРТ желісіндегі көрсеткіш екі есеге артық.
Азамат Әуезхан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы