Мұхтар Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театры кезекті маусымын ашты. Маусым шымылдығы дәстүрлі «Абай» трагедиясымен түрілді. Осы жылы театр ұжымының жаңа маусымында көрермендерге ұсынар жаңа туындылары баршылық.
М. Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театры 93-ші маусымның ашылуына арналған салтанатты шараны әдеттегідей өнер ордасының ішінде емес, сыртында өткізді. Арнайы қызыл кілем төселіп, оның үстінен театр әртістері жүріп өтті. Ал жиналған жанкүйерлер қошеметке бөледі.
Биыл жаңа маусым «Абай» трагедиясымен ашылды. Мыңмен жалғыз алысқан ұлы ақынның өткені сахналанғанда, отырғандар қалың ойға шомып, Абай трагедиясы – халықтың трагедиясы екеніне көз жеткізді. Алғаш рет Асқар Тоқпанов сахналаған бұл қойылым өнер ордасында 1940 жылдан бері қойылып келеді. Әр маусымды жаңа қойылыммен толықтыратын театр ұжымы былтыр 5-ке жуық жаңа спектакль ұсыныпты. Биыл да көрермендерді бірнеше тың қойылыммен қуантпақ.
«Шыңғыс Айтматовтың биыл 90 жылдығы, соған арнап режиссеріміз Дина Жұмабаева «Ғасырдан да ұзақ күнді» саханалап жатыр. Дәл қазіргі кезеңде труппаның екінші жартысы қазақ театрының тарихында тұңғыш рет қазақ тілінде саханаланып жатқан Лев Толстойдың «Анна Каренинасы» драмасымен айналысып жатыр. Одан кейін бірден осы айдың ортасында елімізге танымал меценат азамат, Олимпиадалық комитеттің төрағасы Қайрат Боранбаев үлкен демеушілік жасауымен, «Ваня ағай» қойылымы дүниеге келгелі жатыр», – деді М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат МАЕМИРОВ.
Өнер ордасында осы жылы КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімов пен жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақселеу Сейдімбектің бірігіп жазған «Күн астындағы Күнікей қыз» ертегісі сахналанбақ. Сондай-ақ, театр ұжымы Түркияның Адана қаласында өтетін фестивальге қатыспақ. Түркітілдес елдер арасында өтетін мәдени шарада «Қорқыт» қойылымы көрсетілмек.
Перизат Көмекбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы