Тарихшылар Елбасының тарихи-археологиялық қозғалыстар құру идеясын бірауыздан қолдады

Тарихшылар Елбасының тарихи-археологиялық қозғалыстар құру идеясын бірауыздан қолдады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жан-жақты талқыланып, ұсыныс пікірлер айтылып жатыр. Ал тарихшылар еліміздің барлық өңірінде өлкетану мұражайы жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру идеясын бірауыздан қолдайды. Өйткені, оқушылар ерте жастан тарихты терең таниды дейді олар.

Осылайша, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасыннан басталмақ. Сондай-ақ, мемлекет басшысы мақалада қазіргі әдебиеттегі, музыка, театр, бейнелеу өнері саласындағы ұлы ойшылдар мен ақындар, ел билеген тұлғалар бейнесінің галереясын қолға алу қажеттігін айтады. Бұл бағытта жақында отандық ғалымдар шетелдік мамандармен бірігіп, халықаралық ұжым құруы мүмкін.  

«Әр мектепте осындай тарихи археологиялық қозғалыстар болса, әр мектептің 5 сыныптан бастап, 11 сыныпқа дейінгі оқушылары сол қозғалыстарға мүше болып, өзінің ауылының, айналасындағы жердің тарихын жақсы біле бастайды. Сол арқылы мақтан тұта бастамақ. Тарихи сана дегеніміз осы. Баланы осыдан бастап тәрбилеу керек», – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет КӘРІБАЕВ.

«Моңғолияда жылқының музейі бар. Моңғолия шағын ғана мемлекет. Сондай дүниенің басқаларда бар екенін көріп отырып, өзіміздің дүниеміздің қадірін біле бермейміз. Мысалы, менің әкем кішкентайымнан «жылқы – сенің малың» дейтін деп өсірді. Егер ата-ана тарапынан баланың жылқыға ерекше көзқараспен өсуін қамтамасыз етіп, қызығушылығын арттырып отырса, ол өз ұлтының ерекшеліктерін мақтан тұтып өсер еді», – деп пікір білдірді филолог, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Шәмшә БЕРКІМБАЕВА.

Бұл маңызды құжатты әсіресе, тарихшылар ерекше күткендерін айтады. Енді Елбасы жариялаған мақаладан кейін алдымызда маңызды міндеттер мен мақсаттар тұр дейді ғалымдар. Осыған дейін жарияланған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттық тарихымызға мол үлес қосты, ал жаңа мақала тарихи құндылықтарымызды қастерлеп, бағалауға жаңа серпін береді дейді тарихшылар.  

«Бұл мақаланы біз көптен бері күткен болатынбыз. Тәуелсіздік жылдарында Елбасымыз ұлттық тарихты әрқашан қолдап келе жатыр. Біздің президентіміз жаңа деректерді жинауға басты мән бере отырып, халқымыздың тарихын жазу қажеттілігін атап көрсетті. Яғни, жиналған деректер кезінде ғылыми айналымға қосуымыз керек. Тарихшылардың жаңа ұрпағын тәрбиелеуіміз керек», – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас ОМАРБЕКОВ.

«Мақалада тарих кең масштабта, әлемдік деңгейде қамтылады. Жалпы, әрбір елдің тарихы тек өз тарихымен ғана өлшеніп қалмайды. Ол әлемдік тарихпен де байланыста болады. Түркілердің, ата-бабамыздың, қазақ халқының ежелгі тарихы, дәстүрі қайдан бастау алады? Оған жауапты әр бөлімде, тарауда әлемдік тарихпен байланыстырып айтылған», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қали СӘРСЕНБАЙ.


Новости партнеров